Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай елімізде тұрғын үй бағдарламалары көп екенін, шарттары тиімсіз екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Наурыз Сайлаубай депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады. Оның сөзінше, түсініксіз бағдарлама көптігінен жұрт шатаса бастаған.
"Адам түсінбейтін бағдарламалардың тағы бірі - "Тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамыту" тұжырымдамасы. Атынан ат үркетін бұл бағдарлама бұрынғы "Нұрлы жер" бағдарламасының орнына шыққан жаңасы болып отыр. Ең қызығы - атауын өзгерте салған, заты сол – баз баяғы қалпы. Баз баяғы дейтінім, ішкі құрылымдық ережелері 2-10-20 - бұрынғы "Бақытты отбасы" бағдарламасы, ал 5-10-20 - баяғы "Шаңырақ" бағдарламасы екеніне ережелерді саралай келе көз жеткіздік", - деді ол.
Депутат түрлі жобалар қолға алынып жатса, кейбір өңірлерде соңғы екі жылда құрылыс нысаны бой көтермегенін айтты.
"Тіпті жүзеге асып жатқан бағдарлама да жоқ. Неге десеңіз, бұл бағдарлама аясында тек әкімшілік ұсынған жаңа үйден ғана баспана алуға болады. Ал ондай арзан үйлерді салу үшін қаржы керек екені анық. Салынып жатқан нысан жоқ болғандықтан, үй кезегі жылдар өтсе де жылжымайды. Яғни бағдарлама іске асып жатқан жоқ деген сөз", - деді ол.
Депутат биыл "Отау", "Наурыз" бағдарламаларына мемлекет қазынасынан 250 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, азаматтар бұл бағдарламалардың да қиындығымен бетпе-бет келіп отыр.
"Бұл бағдарламалар арқылы өткен азаматтар ереженің қисынсыздығынан қиналып, басын тауға да, тасқа да соғады. Өйткені төлем қабілетін растау, алғашқы жарна және айлық төлеммен бірге жаңа пәтерге жөндеу жұмыстарын жасауға қаражат таппай, тарығып жатыр. Себебі елдің қолында осындай қажеттілікке жұмсайтын артық ақшасы жоқ. Оны мойындауымыз керек.
Мәселен, 2024 жылдың 2 тоқсанындағы есеп бойынша орташа айлық көлемі 403 251 теңге, ал медианалық жалақы бағалау бойынша 278 296 теңге болып отыр. Енді санап көрсек, орташа жалақы алатын азаматтар ипотекалық несиеге айлығының 70 пайызын жұмсайды екен.
Ал төмен жалақы алатын, яғни 278 296 теңге, не одан да төмен айлыққа күн көріп отырған отандастарымыз бұл бағдарламаларға мүлдем қатыса алмайды. Қатысқан жағдайда, 20 пайыз алғашқы жарна жинауға келгенде салы суға кетеді. Жағдай өте қиын. Үлкен мегаполистеріміздің өзінде 1 немесе 2 бөлмелі пәтер алу үшін төленетін алғашқы жарна 7 миллион теңгеден асып түседі екен", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!