- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Азаматтар ипотекаға жалақысының...
“Азаматтар ипотекаға жалақысының 70 пайызын жұмсайды“. Депутат тұрғын үй бағдарламаларының кемшілігі туралы
Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай елімізде тұрғын үй бағдарламалары көп екенін, шарттары тиімсіз екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бірінші мәселе: түсініксіз бағдарлама көп
Наурыз Сайлаубай депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады. Оның сөзінше, түсініксіз бағдарлама көптігінен жұрт шатаса бастаған.
"Адам түсінбейтін бағдарламалардың тағы бірі - "Тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамыту" тұжырымдамасы. Атынан ат үркетін бұл бағдарлама бұрынғы "Нұрлы жер" бағдарламасының орнына шыққан жаңасы болып отыр. Ең қызығы - атауын өзгерте салған, заты сол – баз баяғы қалпы. Баз баяғы дейтінім, ішкі құрылымдық ережелері 2-10-20 - бұрынғы "Бақытты отбасы" бағдарламасы, ал 5-10-20 - баяғы "Шаңырақ" бағдарламасы екеніне ережелерді саралай келе көз жеткіздік", - деді ол.
Екінші мәселе: кейінгі жылдары құрылыс жүрмеген өңірлер бар
Депутат түрлі жобалар қолға алынып жатса, кейбір өңірлерде соңғы екі жылда құрылыс нысаны бой көтермегенін айтты.
"Тіпті жүзеге асып жатқан бағдарлама да жоқ. Неге десеңіз, бұл бағдарлама аясында тек әкімшілік ұсынған жаңа үйден ғана баспана алуға болады. Ал ондай арзан үйлерді салу үшін қаржы керек екені анық. Салынып жатқан нысан жоқ болғандықтан, үй кезегі жылдар өтсе де жылжымайды. Яғни бағдарлама іске асып жатқан жоқ деген сөз", - деді ол.
Үшінші мәселе: жалақы аз, бағдарламалардың талабы көп
Депутат биыл "Отау", "Наурыз" бағдарламаларына мемлекет қазынасынан 250 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, азаматтар бұл бағдарламалардың да қиындығымен бетпе-бет келіп отыр.
"Бұл бағдарламалар арқылы өткен азаматтар ереженің қисынсыздығынан қиналып, басын тауға да, тасқа да соғады. Өйткені төлем қабілетін растау, алғашқы жарна және айлық төлеммен бірге жаңа пәтерге жөндеу жұмыстарын жасауға қаражат таппай, тарығып жатыр. Себебі елдің қолында осындай қажеттілікке жұмсайтын артық ақшасы жоқ. Оны мойындауымыз керек.
Мәселен, 2024 жылдың 2 тоқсанындағы есеп бойынша орташа айлық көлемі 403 251 теңге, ал медианалық жалақы бағалау бойынша 278 296 теңге болып отыр. Енді санап көрсек, орташа жалақы алатын азаматтар ипотекалық несиеге айлығының 70 пайызын жұмсайды екен.
Ал төмен жалақы алатын, яғни 278 296 теңге, не одан да төмен айлыққа күн көріп отырған отандастарымыз бұл бағдарламаларға мүлдем қатыса алмайды. Қатысқан жағдайда, 20 пайыз алғашқы жарна жинауға келгенде салы суға кетеді. Жағдай өте қиын. Үлкен мегаполистеріміздің өзінде 1 немесе 2 бөлмелі пәтер алу үшін төленетін алғашқы жарна 7 миллион теңгеден асып түседі екен", - деді ол.
Депутат бірқатар ұсыныс жасады:
- Алдағы уақытта Отбасы банк арқылы жүзеге асырылатын "9-20-25" бағдарламасына жылына 150 млрд теңге бөлу жоспарланып жатыр. Бұл бағдарламаның алғашқы жарнасын 20 пайыздан 10 пайызға азайту керек. Соған байланысты пайыздық мөлшерлемені 8 пайызға төмендетсек, халыққа шынымен тиімдірек болады.
- Болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай республикадағы халық саны 27 миллионнан асады деп отырмыз. Халықтың үлесі оңтүстік өңірлерде көп болмақ, ал солтүстік және шығыс өңірлерде, керісінше, халық саны төмендей бермек.
- Осы тұста көршілес Ресей еліндегідей, 2 пайыздық "Дальневосточная ипотека" бағдарламасы сынды жобаны жүзеге асыру аса маңызды. Мысалы, бізде де елдің ең шалғай нүктесіне барғаны үшін қосымша қолдаулармен бірге 2 пайызбен үй алуға қарыз беру қажет.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова