“Азаматтар елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгініп жатады“. Тоқаев жергілікті билікті сынады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің айтуынша, билік өкілдері халықпен ашық әрі түсінікті әңгіме, сұхбат орната білуі керек.

"Шағымданатын азаматтардың арасында түрлі адам болады, бұл - белгілі нәрсе. Десек те шын мәнінде мұқтаж адамдар аз емес, оларға қолғабыс етуіміз керек. Бүгінде орталыққа аймақтардан жолданатын арыз-шағым көбейіп кетті. Бұл мәселе туралы жолдауымда айтып өттім. Былтыр Президент әкімшілігіне шамамен 83 мың өтініш түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Шағымдардың басым бөлігін жергілікті деңгейде қарап, дер кезінде шешуге болатын еді. Ашығын айтқанда, жұрт өңірдегі биліктен ең қарапайым деген мәселелерге қатысты түсініктеме ала алмайды. Содан соң азаматтар елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгініп жатады. Шын мәнісінде, олардың арасында үнемі арыз жазатын "кәсіби" шағымданушылар бар, бірақ көбі өз мұң-мұқтажын айтып, Ақордаға шағымдануға мәжбүр", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы көпір болуға тиіс.

"Олар тұрғындардың мәселесін шешуге көмектесуі керек. Осы маңызды жұмысқа олардың құзыреті толық жетеді. Былтыр облыстық деңгейде атқарушы органдарға 6 мыңға жуық депутаттық сауал жолданды. Бірақ оның саны емес, сапасы маңыздырақ, яғни мәслихаттар осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға тиіс. Түптеп келгенде, аймақтардың дамуы, тұрмыс сапасы жақсаруы, жұрттың билікке зор сеніммен қарауы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты. Осыны әрдайым басты назарда ұстаған жөн", - деді Президент.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз