Бүгін желіде Азамат Сатыбалды "Қазақфильм" киностудиясының президенті қызметінен кетеді деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бастапқыда киностудия баспасөз қызметі бұл ақпаратты жалған деп, жоққа шығарды. Мәдениет және ақпарат министрлігі де соны қайталады.
"ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясының президенті Азамат Сатыбалдының қызметінен босатылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды", - деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері.
Бұл туралы кейін продюсер Еркебұлан Күрішбаев өзінің Telegram-каналында хабарлады.
"Азамат Сатыбалдының "Қазақфильм" президенті қызметінен кетуі мен үшін шок болды (...) "Қазақфильмдегі" қызметім осымен соңына жеткен сияқты", - деп жазды ол.
Күрішбаев TengriLife тілшісіне берген сұхбатында Сатыбалдының орнына кім келетінін әзірше білмейтінін айтты.
Редакция Азамат Сатыбалдының өзіне хабарласқан.
"30 шілдеден бері Қытайдамын, халықаралық киножобаға қатысып жүрмін. "Қазақфильммен" келісімшартым аяқталды, оны создырмаймын деп шештім. Алғаш рет қазақ актерін осындай халықаралық деңгейдегі жобаға шақырды, түсірілімге қатысуға мүмкіндік алдым. Бұл менің актерлік карьерамдағы елеулі қадам және қазақ өнерін әлемдік аренада танытуға берілген мүмкіндік. Түсірілім Қытайда да, Қазақстанда да бірнеше айға созылады", - деп жауап берді актер әрі продюсер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!