Азамат Есқараев елші лауазымынан босатылып, жаңа қызметке тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Азамат Есқараев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Бангладеш Халық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі, Мальдив Республикасындағы, Непалдағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.
"Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Несіпбайұлы Есқараев Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Азамат Есқараев туралы не белгілі?
Ол 1979 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2000 жылы Әділет министрлігінде маман ретінде бастаған. Кейін Алматы әкімі аппаратының бас инспекторы болып тағайындалды.
2006-2007 жылдары "Қазына" тұрақты даму қорының заң қызметі департаментінде жұмыс істеді, одан кейін Әділет министрлігіне қайта оралды.
2012-2014 жылдары Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес агенттігі инспекциясының ұйымдастыру-бақылау департаментінің бастығы қызметін атқарды.
2014-2019 жылдары премьер-министр кеңсесінің заң бөлімінің меңгерушісінің орынбасары болды.
2019 жылдан 2023 жылғы қаңтарға дейін осы бөлімді басқарды.
2023 жылғы 4 қаңтардан бастап әділет министрі лауазымына тағайындалған болатын. 2025 жылы бұл лауазымнан босатылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова