Бүгін Қыздар университетінде Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті, Тарих және Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастырумын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Азалы тарихқа – айрықша тағзым» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы «Қыздар университеті» медиа орталығы хабарлады.
31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Бұл дата сол күннен бастап Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Әсіресе, сүргіннің шарықтау шегі 1937-38 жылдар - қазақ халқын ұлт зиялыларынан айырған аяр жылдар болды. Деректерге сүйенсек, қазақ тарихының зұлматты кезеңі аталған репрессия салдарынан 25 мыңнан аса қазақстандық қазаға ұшырады. 103 мың адам саяси айып тағылып сотталып, оның төрттен бірі, нақтырақ айтқанда 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Қазақтың қаймағы «халық жауы» атанып, түрмеге тоғытылды. Қазақ үшін қасіретті, тарих бетінде өз таңбасы қалған бұл жылдарды еш ұрпақ ұмытпақ емес. Осы мақсатта басқосқан жиынға қазақ зияларының бірі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қуғын-сүргін құрбаны Мұхамеджан Тынышпаевтың ұрпағы - Қазақ-Британ техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Тынышпаев Даулет Мұхамеджанұлы, оқу орынның ұстаздары, оқытушы-профессор құрамы, тарихшы ғалымдары мен кітіпхана қызметкерлері қатысты.
Дөңгелек үстел қуғын-сүргін құрбандарын бір сәт үнсіздікпен еске алумен басталды.
«Құрметті қонақтар, армысыздар! 31 мамыр Қазақстан үшін ерекше аталынып өтетін қаралы дата. Біз бұл күнді қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек», деп дөңгелек үстелді ашқан Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Ардақ Нұрмұхамбетов шараның басты мәні мен маңызына тоқталып өтті.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінің біразы Алаш партиясы мен Алашордаға соның ішінде, Алаш қайраткерлеріне тікелей байланысты болды. Солардың бірі мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, тарихшы-ғалым, өлкетанушы, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Мұхамеджан Тынышбаев еді. Ол туған халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап баспасөзде уытты мақалалар жариялап, әр түрлі жиындарда сөз сөйлеп, патша өкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізген. 1905 жылы 19 қарашада өткен автономшылар одағының 1 съезінде ол баяндама жасайды. Онда былай деп өткір сөйлепті:«Қазақтардың жер мәселесі-сөзсіз аса маңызды... Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті: біріншіден,... қазақтарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, қазақтарды ..қауқарсыз тобырға айналдыру; үшіншіден ...ежелгі атақонысынан айыру... қандай қан-құйлы, зымиян мақсат?!». Қиын кезеңдерде осы бір батырлық сөзінен-ақ оның азаматтық келбетінің қандай екендігін байқауға болады.
Шараға арнайы қатысқан Мұхамеджан Тынышбаевтың ұрпағы Даулет Мұхамеджанұлы дөңгелек үстелде қайраткердің ұрпаққа ой салар, үлгі болар өмірі мен қазақ мемлекеті үшін жасаған ерліктері, қызметі туралы, көпшілік біле бермейтін тарихи оқиғалармен, анасын «Алжирден» қалай аман алып қалғандығы жөнінде, қоғам қайраткерінің қалай өмірден өткендігі жайлы сыр шертіп, қатысушылармен өзінің, әкесінің өмір жолын бөлісті.
«Тарих – халықтың жады мен зердесі. Ендеше, «Өткенді білмей болашақты болжау мүмкін емес». Шынайы ел тарихын білу арқылы тарихи сана бекиді, тарихи сана арқылы ұлттық сана қалыптасады. Бұл түптеп келгенде тәуелсіздігіміздің баянды болуының кепілі. Голощекиннің құрығынан құрбан болған жазықсыз жандардың бейнесін мәңгілікке есте тұту мүмкіндігіне тәуелсіздігімізді алғалы ғана қол жеткізгендіктен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын әлі зерттеу тарихшылардың еншісінде. Ұлтқа жасалған үлкен қиянатты болашақ ұрпақ ұмытпауы керек, білуі керек», деді жиында оқу орынның ұстазы, «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті Ердәулет Берлібаев.
Дөңгелек үстелде тоталитарлық жүйе кезіндегі саяси қуғын-сүргін, қолдан жасалған жаппай ашаршылықтың туындау себептері, салдары, отандық тарих ғылымындағы өзекті мәселелермен қатар, зерттеу нысаны жан-жақты талқыланып, талданды. Нәтижесінде ғалымдар, оқытушылар баяндама жасап, алға қойған мәселелерді жан-жақты талдап, дөңгелек үстелде көзделген мақсатқа қол жеткізілді.
Шара соңында қатысушылар қаралған мәселелерге байланысты келесі шешімдерді ұсынды: Жаңа Қазақстандық патриотизм мен Мәңгілік ел ұлттық идеясын жүзеге асыру барысында ұлт зиялыларының тарихын насихаттау мен оқытуды басты назарда ұстау қажеттігін; Оқу үдерісі барысында Алаш қозғалысына қатысты өзекті мәселелерге жете көңіл бөлу; Алаш зиялыларының өзіндік өмір тарихы мен қызметіне, шығармашылығына ерекше мән беру арқылы рухани тұрғыда тәрбиелеу; Алаш қозғалысы тарихына қатысты насихаттау жұмыстарын күшейту және белсенді атсалысу қажет екендігін атап өтті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біздің мақсатымыз жау іздену емес, болған қасіретті ұмытпау, нақты тарихты білу, оны жазып қалдыру және біздің тұқым-жұрағаттарымыз білу үшін еске алып отыру. Біз әлдекімді немесе тарихты кінәлағымыз келмейді. Біз тек шындықты білгіміз келеді. Шындықты білу арқылы тап сондай нәубат қайталанбас үшін не істеу керек екенін білеміз», деген еді. Иә, сол жылдары қан ішіп, қара жамылмаған қазақ отбасы жоқтың қасы болды. Қазақ тарихындағы қаралы кезеңді естен шығармай, жадында сақтау бүгінгі ұрпақтың міндеті, азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін жазықсыз жапа шеккен аға ұрпақтың есімдерін мәңгілік құрметтеу, еске алу және есте сақтау қасиетті парыз.
Айта кетейік, ұлжандылыққа, ғылымға, ізгіліке бастайтын танымдық-тәрбиелік шара барысында «Алаштың ардақты ұлдары» атты бейне фильм көрсетілді.