- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Аз зерттелген". Маңғыстауда...
"Аз зерттелген". Маңғыстауда тағы бір ерекше жануар фотоқақпанға түсіп қалды
Маңғыстауда фотоқақпанға тағы бір жыртқыш аң түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жолы Маңғыстау облысы мамандарының "қақпанына" шағыл мысық түскен. Бұл жабайы жануар құмды, шөлді аймақтарда тіршілік ететін болғандықтан аз зерттелген.
Одан бөлек, шағыл мысығының санына қарай аз аумақтарда ерекше қорғауға алынып, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы мәлімдеді.
"Маңғыстау облысының аумағында орнатылған фотоқұрылғыға шағыл мысығы түсті Бұл жануардің дене тұрқы 40-52 см, салмағы 1,3-3,4 келі. Арқасы мен бүйірі құм түстес сарғыш, денесінде айқын емес қара жолақтары болады. Құйрығының ұшы қара қоңыр, құлағы үшбұрышты келеді. Табандарындағы тарақ тәрізді қалың қылшықтары олардың құмда еркін жүруіне мүмкіндік береді. Ұсақ кеміргіштермен кейде бауырмен жорғалаушылармен, ұсақ құстармен және жәндіктермен қоректенеді", - деді басқарма өкілдері.
Түз тағысы қорегін аулауға түнде шығады. Сондай-ақ, шағыл мысықтар ақпан-наурыз айларында шағылысып, аналығы сәуір-мамыр айларында 2-5 жас мысық туады.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда өте сирек кездесетін ақ қасқыр суретке түсіп қалған болатын. Маңғыстау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мәліметінше, бұл - өте сирек кездесетін жыртқыш ақ қасқыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина