Барлық адамға келетін арықтау әдісі жоқ. Бірақ арықтау үшін белсенді өмір салтын сақтау, эмоционалды денсаулықты бақылау және дұрыс тамақтану маңызды екенін білеміз. Тамақ сапасымен қатар оның мөлшері де маңызды. Аз тамақ жеп, тоқ жүруге көмектесетін әдесітерді ұсынамыз.
Өзіңізбен бірге пайдалы тіскебасар алып жүріңіз
Аштық сезімі бірден артқан кезде өзіңізді ұстау және артық нәрсе жеп қоймау қиын. Мұндай кезде қол астында жейтін ештеңе болмаса, таңдауыңыз фастфудқа немесе ұннан жасалған пісірмелерге түседі.
Сөмкеңізге 1 алма, батончик, протеинді печенье, жаңғақтар немесе басқа да пайдалы тіскебасарлар салып жүріңіз. Қарныңыз ашқан кезде өзіңізді сол тамақтармен тыныштандыра аласыз және үйге барып толыққанды түскі немесе кешкі ас ішуге дейін шыдайсыз.
Ашық сөрелердегі тамақтарды алып тастаңыз
Печенье және басқа да тәттілер дастарқан бетінде немесе ашық сөрелерде тұрса, күні бойына оларды өте көп жеп қоюыңыз мүмкін. Егер артық салмақ қосып алғыңыз келмесе, зиянды тамақты есігі жабылатын сөрелерге салып қойыңыз.
Ал ашық жерлерге жемістер мен көкөністерді жуып қойыңыз. Сондай-ақ жаңғақтарды қоюға болады.
Тамақты кішкентай тәрелкеге салып жеңіз
Әдетте, адам тәрелкеге қанша тамақ салынса, сонша жейді. Ыдыс үлкен болса, тойсаңыз да тоқтау қиын. Сондықтан тамақты кішкентай тәрелкеге салып жеген дұрыс.
Смартфонға алаңдамаңыз
Көптеген адам тамақ жеп отырып теледидар немесе смартфон қарап отырады. Алайда бұлай басқа нәрсеге алаңдау әдеті артық тамақтануға әкеледі. Бұл кезде адам тойғанын білмей қалады және тамақ дәмінен ләззат алмайды.
Сатып алатын азық-түлік тізімін жасаңыз
Дүкенге аш қарынға және қажетті азық-түлік тізімінсіз бару - нашар идея. Бұл кезде артық тамақ алып қою және әсіресе зиянды өнімдер алу қаупі бар.
Сондықтан үйден шығарда азық-түлік тізімін жасап алыңыз. Тоңазытқыш пен сөрелерді бір тексеріп шығыңыз.
Асықпай тамақтаныңыз
Артық тамақтанғыңыз келмесе тамақты асықпай шайнаңыз. Тамақты асықпай жесеңіз, жылдамырақ тоясыз.
Суды көбірек ішіңіз
Тамаққа 30-40 минут қалғанда су ішіп алыңыз. Бұл аштық сезімін сәл басуға және аз тамақтың өзіне тоюға көмектеседі. Сондай-ақ рационға көбірек суы көп көкөністер қосуға болады. Мысалы: қиыр, түрлі салаттар, жасыл бұрыш, гүлді орамжапырақ.
Ақуызға бай тағамдар жеңіз
Егер аз тамақ жеп, бірақ ұзаққа дейін тоқ жүргіңіз келсе, ақуызды тағамдарды таңдаңыз. Оларды қорытуға ағза көбірек уақыт пен калория жұмсайды. Ақуыздың пайдалы көздеріне жұмыртқа, сүзбе, құс еті, балық, бұршақтылар және жаңғақтар жатады.
Оқи отырыңыз: Шикі жұмыртқаны ішуге бола ма? Маман жауап берді