- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Аз ақшаға қалай...
Аз ақшаға қалай саяхаттауға болады? Әлем аралап жүрген саяхатшы құпиясын бөлісті
23 жастағы Айгерім сүйікті ісін саяхаттаудан тапқан. Соның арқасында қазір жеке туристік агенттігі мен саяхатшыларға арналған дүкені бар. 14 жасынан бастап саяхаттаған ол бүгінге дейін 43 мемлекетті, 100-ден аса қаланы аралаған. Massaget.kz тілшісі тиімді саяхаттау және баруға ыңғайлы елдер туралы Айгерім Төлбасымен сұхбаттасты.
"Шетелге 14 жасымда шықтым"
Айгерім Төлбасы - Жетісайдың тумасы. Шымкенттегі физика-математика бағытында Назарбаева Зияткерлік мектебінің түлегі. Алматы қаласында University of International Business -те оқыған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Шетелге ең алғаш рет 14 жасымда шықтым. Академиялық жетістіктерімнің арқасында мектебім мені Сингапур мен Малайзия еліне тегін 20 күндік оқуға жіберді. Сол кезде өмірімде алғаш рет ұшаққа отырдым. Саяхатқа, әлем көруге де көзқарасым осы кезде өзгерді. Бұдан алдын "шетелге шығу мүмкін емес, ал ұшаққа отыруды тек бай адамдар ғана өзіне рұқсат етеді" деп ойладым. Мектептің арқасында көзім ашылды. Қазіргі уақытта 43 мемлекет, 100-ден аса қалада болдым", - деді ол.
Оның ең алғаш барған сапары Азия елдерінен басталған.
"Алғаш барған елім Азия елдері. Соның ішінде Сингапур, Малайзияға бардым. Ол жаққа мен ақша мүлде жұмсамадым. Мектебім авиабилет, қонақүй, тіпті тамақтануды да қамтамасыз етті", - деді ол.
"Кішкентай қызға табынады"
Саяхатшы қыз бірнеше тілді меңгерген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"6 тілде сөйлей аламын. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде еркін сөйлей аламын, ал қытай, түрік,испан тілін университетте қосымша үйреніп алдым. Бұл тілдерді орта деңгейде білемін", - деді ол.
Барған елдердің ішінде Непал мен Индонезия Айгерімге ерекше әсер еткен.
"Барған елдерімнің ішінде Непал және Индонезия қатты ұнады. Халқының бақытты өмір сүре алуы, тұрмыстық жағдайы нашар болса да, өміріне ризашылық білдіріп, сәттермен өмір сүруі мені таңғалдырды. Халқы карма дегенге қатты сенеді. Олар әрқашан танымайтын адам болса да көмектесуге дайын тұрады. Себебі өздеріне қайтып келетініне 100 пайыз сенеді. Әлемдегі ең аққкөңіл жандар осы елдерде өмір сүреді де ойлаймын. Сондай-ақ, Непалдың наным-сенімдері, салт-дәстүрі таң қалдырды. Нағыз "culture shock"-ты осы елден алдым. Кішкентай қызды құдай ретінде сайлап, бүкіл халқы соған табынады екен. Ондай қыздарды кумари деп атайды және аяғы жерге мүлдем тимеу керек. Ертегі сияқты естіледі, алайда бұл расында біздің заманда бар нәрсе", - деді ол.
Қалай арзан саяхаттауға болады?
Айгерім тиімді саяхаттауға қатысты бірнеше кеңес айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Саяхаттау 3 нәрседен тұрады. Ең бірінші авиабилет, кейін жатын орны (қонақүй) және ойын-сауық билеттері керек. Осы заттардан үнемдей алсаңыз, басқа шығын да болмайды. Тиімді саяхаттау үшін авиабилеттерді жеңілдік болған кезде арзан бағаға сатып алу қажет. Қонақүй орнына сол саяхаттайтын елде өмір сүретін халықтың үйіне қонсаңыз болады. Сондай-ақ, тегін экскурсиялар бар", - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жеке туристік агенттігі мен саяхатшыларға арналған дүкені бар.
"Қазіргі таңда "Tourgether.kz" атты туристтік агенттігім бар. Командаммен барлық бағытқа тур сатамыз. "Sayahat store" атты саяхатшыларға арналған дүкенім бар. Сондай-ақ, басқа адамдарға тиімді саяхаттауды үйрететін курстарым бар. Жұмысымда нақты график жоқ, онлайн жасау мүмкіндігі болғандықтан, айына 1 рет шетелге шығып тұрамын", - деді ол.
Биыл қай елдерге бару тиімді?
Айгерімнің айтуынша, биыл Малайзия, Грузия, Әзербайжанға бару тиімді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Биыл Малайзияға саяхаттау тиімді. Алматыдан тікелей рейстер ашылып жатыр. Малайзияда қонақүй және тамақтану өте арзан. Сондай-ақ, Дубайға бару тиімді. Түркістан-Алматы-Астанадан Абу-Дабиге рейстер 20.000 теңгеден басталады. Ал жаз айында Грузия, Әзірбайжанға бару тиімді. Жалпы саяхаттауға тиімді арзан үш ел - Өзбекстан, Грузия, Азербайджан, БАӘ елдері ", - деді ол.
Ол саяхатқа шыққысы келетіндерге тіл үйренудің маңызды екенін баса айтты.
"Кез келген саяхаттағысы келген жандарға "тіл үйрен" деп кеңес берер едім. Тіл білмей саяхаттауға болады, алайда саяхатқа бояу беретін, қызық есте қалдыратын сол елдің адамдары. Яғни жергілікті халықпен сөйлесу арқылы саяхат толыққанды болады деп есептеймін", - деді ол.
"Саяхаттау арқылы адам өзін таниды"
Айгерім бос уақытында жаңа сапарларын жоспарлайды. Жиі саяхатқа шығып тұрады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Хоббиім - саяхаттау. Бос уақытымда жаңа сапарларымды жоспарлаймын. Сол ел туралы ақпарат жинаймын. Әр барған елім бойынша сол елдің иісімен майшам (свеча) жасаймын. Адам саяхаттау арқылы өзін тани бастайды. Адамның табысының артуына әсер етеді, себебі жаңа жерден тың идеялар алып келеді. Жаңа көзқарастың қалыптасуы, өмірді бағалай білу - мұның бәрі саяхаттан соң пайда болады. Адам саяхаттан жасарады, себебі эмоция алуы өте көп болады", - деді ол.
Сондай-ақ, ол саяхаттауға қатысты бірнеше стереотиптерді бөлісті.
"Саяхаттау өте қымбат және шетелде қауіпті, ұрлап кетеді, сатып жібереді" деген стереотипті жиі естимін. Адам мұндай стереотипті жеңу үшін 1 рет болса да, шетелге шығу қажет. Сол кезде барлық стереотип жойылады деп ойлаймын",- деді ол.
Оның болашақтағы жоспары - саяхатшылардың хикаялары жинақталған кітап шығару.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Болашақта туристік компаниямды дамытқым келеді. Саяхатшылардың хикаялары жиналған кітап шығарып, саяхатшы дүкенін ұлғайту жоспарда бар", - деді Айгерім.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы