- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Аз ақша беріп...
"Аз ақша беріп тұрсыз деген": журналист Жәнібекті шетелдіктерге сатқан адам туралы айтты
Танымал журналист Қымбат Досжан бельгиялықтар асырап алған Жәнібектің оқиғасына қатысты қазір не белгілі екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, Жәнібекті шетелдіктерге асырап алуға берген кезде ақша алған әйел кім екені белгілі.
"Ақша алған әйел белгілі екен, аты кім, неге айтпайсыңдар?" деген сұрақ көбейді. Қазір қылмыстық іс тергеліп жатқандықтан, ол әйел туралы айтуға құқым жоқ. Бұл әйелдің барын, аты-жөнін, жасын, қайда тұратынын жылдың басында анықтадық. Әрине, Жәнібекті асырап алған шешесімен хат жазысу арқылы білгенбіз. Мұны Арқалық полициясы да біледі. Қазір ол әйелді тергеп-тексеру үстінде", - деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен қатар, Қымбат Досжан ақша алған әйел 2004 жылы Арқалықта жұмыс істегенін жеткізді.
"Бірақ сіздер жазғандай, перзентханада немесе балалар үйінде жұмыс істемеген. Тіл білетіндіктен аудармашы болып жұмыс істеген. Қай жерде істегенін де айтпай-ақ қояйын. 12 мың долларды санап алған кезде Жәнібекті асырап алған анасына "сіз аз беріп тұрсыз, америкалықтар ұл балаларға бізге 20 мың доллардан жоғары ақша береді" деген сөзін Валери (Жәнібекті асырап алған әйел - еск.) өз аузынан айтты. Оны сұхбат кезінде көрдіңіздер. 2020 жылы 23 желтоқсанда осы ақша алған әйел Валеримен хат жазысқан. Ол жерде "Жәнібектің жағдайы қалай?" деп сұраған дәлеліміз де қолымызда", - деді ол.
Журналистің айтуынша, енді барлық дәлел сот болған жағдайда жария етіледі. Ал Жәнібектің анасын іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова