Талдықорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл іс бойынша айыпталушы - қаза тапқан Айзат Жұманованың күйеуі Айбар Жанболат. Сот үкімімен ол 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейінгі сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша айыпталушыға 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.
Ал марқұмның анасы бұл жазамен келіспей, соттан күйеу баласына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті.
Қайғылы оқиға 2025 жылы 22 маусымда Ақсу ауданында болған. Соталды тергеу деректеріне сүйенсек, Баласаз ауылының тұрғыны Айзат Жұманова ауыр жарақатпен Талдықорғандағы ауруханаға жеткізілген. Кейін жансақтау бөлімінде оның қайтыс болғаны тіркелген.
Сот-медициналық сараптама ауыр жарақаттарды анықтаған. Ал марқұмның күйеуі бұған дейін оның "селфи жасап тұрып терезеден құлап кеткенін" айтқан. Бірақ жақындары күйеуі әйелін азаптап, кейін қылмысты жасыруға тырысқан деп санайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!