Талдықорғанда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Айзат Жұманованың өлініме қатысты іс қаралып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
19 желтоқсанда сотта іс материалдарын зерделеу барысында Айзат Жұманованың ауруханадағы видеосы көрсетілді.
Еске салайық, қайғылы оқиға биыл 22 маусымда Жетісу облысының Ақсу ауданында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, Баласаз ауылының тұрғыны Айзат Жұманова ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Кадрларда әйелдің ауруханаға қандай ауыр жағдайда түскені анық көрінеді. Айзатты медициналық мекемеге күйеуі мен енесі көршісінің көлігімен алып келген.
Бүгін сотта марқұмның күйеуі — айыпталушы жауап берді. Сонымен қатар процеске тәуелсіз сот-медициналық сарапшысы Тахир Халимназаров шақырылған. Айта кетейік, Тахир Халимназаров бұған дейін Салтанат Нүкенова мен Шерзат Полаттың өліміне қатысты істерде сотта сарапшы ретінде қатысқан.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Айзат пен оның күйеуі арасында жанжал шығып, ер адам әйелін бірнеше сағат бойы аяусыз соққыға жыққан. Олардың мәлімдеуінше, жәбірленуші екі жасар қызының көз алдында аса қатыгездікпен соққыға жығылған.
Сот-медициналық сараптама барысында Айзат Жұманованың ауыр жарақат алғаны анықталған: жабық бас-ми жарақаты, мидың ісінуі, бас сүйек негізінің, қол-аяқ пен жамбас сүйектерінің сынуы, сондай-ақ беттегі сырылған іздер тіркелген. Туыстары әйелді арқанмен байлап, далада сүйрегенін айтады.
Ал күйеуі бұған дейін Айзаттың "селфи жасаймын деп терезеден құлап кеткенін" мәлімдеген. Алайда жақындары бұл нұсқаға сенбейді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz