Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінгі сотта басты айыпталушы Абзал Шынасылдан жауап алу басталды. Ол кінәні ішінара мойындайтынын мәлімдеді.
Абзал Шынасылдың айтуынша, сол күні достары Азамат Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Равиль Сакиев және кәмелетке толмаған Д.Ы.-мен кафеде демалған, кейін Нұрбол Тоқтаубаев қоңырау шалып, "Қамажай" дүкенінің маңында досы соққыға жығылғанын жеткізген.
Ол оқиға орнына келгенде төбелес болып жатқанын айтты. Ол Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев өзіне қарата оқ атқанын мәлімдеді.
"Содан кейін олар Шерзатпен бірге Шота Руставели көшесінің бойымен қашты. Кейін Шерзат құлады. Ол құлаған кезде оны ұрып, тепкіледім. Содан кейін Нұрғанатқа үш рет пышақ сұқтым. Мұны мойындаймын", - деді Абзал Шынасыл.
Абзал Шынасылдан неге пышақ алып жүргені сұралғанда, ол үш күн бұрын жанармай құю бекетінде белгісіз үш адам шабуыл жасағанын айтты.
Сотта Абзал Шынасыл айғақтарынан бас тартты. Оның айтуынша, Шерзатты ол өлтірмеген, жасөспірімді кім пышақтағанын білмейді.
"Полицияда "Шерзатты пышақтадым" деп айтуға мәжбүр етті. Кейін бізді Қонаевқа этаппен апара жатқан кезде Равиль, Шыңғыс және Азаматпен Шерзатты өз мойныма аламын деп келістік. Келісім бойынша Шыңғыс Нұрғанатты өз мойнына алды. Мойындасам, жазам жеңіл болады деп ойладым", - деді Шынасыл.
2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.
Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдері, яғни марқұмның әжесі, ата-анасы, одан бөлек куәгерлер сөйледі.
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!