Қазақстанда жүргізушілерге балдық жүйе енгізіліп, рөлі оң жақта орналасқан көліктерді таксиге пайдалануға тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2025 жылдан бастап Қазақстанда такси агрегаторларына бақылау күшейтілді. Цифрлық ақпарат алмасу жолға қойылды. Оларға рөлі оң жақта орналасқан 70 мың көліктің тізімі жіберілген. Сонымен қатар, министр жүргізуші куәліктерін автоматты түрде тексеру жүйесі енгізіліп жатқанын айтты. Яғни куәлігі жоқ адамдар жұмыс істей алмайды.
Оған қоса, жүргізушілердің рейс алдында медициналық тексерістен өтуін, көліктердің техникалық тексерісі болуын бақылаудың нақты тетігін әзірлеу жоспарланып отыр.
"Ең үздік халықаралық тәжірибені зерделеп, енгізіп жатырмыз. Қазір айыппұлды елемейтіндер бар. Олармен күресу мақсатында балдық жүйені енгізуді пысықтап жатырмыз. Ол әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте жасалған және ауыр заңбұзушылықтар үшін жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді", - деді Ержан Сәденов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова