Айыппұлдан жалтармақ болған: Түркістан облысында көлігінің нөмірін шүберекпен жапқан жүргізуші ұсталды

Түркістан облысында көлігінің нөмірін шүберекпен жапқан жүргізуші 5 тәулікке қамалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айыппұлдан жалтару мақсатында көлігінің мемлекеттік нөмірін шүберекпен әдейі жауып алған жүргізуші жауапқа тартылды. Құқықбұзушылық Шымкент - Самара тасжолында тіркеліп, оны жедел басқару орталығының қызметкерлері анықтаған.

Toyota көлігімен Сарыағаштан Түркістанға қарай келе жатқан жүргізуші Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны екені анықталған.

"Жинақталған материалдар сотқа жолданып, жүргізуші кінәлі деп танылды. Сот шешімімен ол бір жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, ол жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін алты рет бұзғаны белгілі болды", - деп жазылған хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!