Абайсызда айтылған сөз рейс кешігуіне және жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Бұл туралы Көлік министрлігі өкілдері ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, күнделікті өмірде кейбір сөздер жай ғана әңгіме барысында немесе әзіл ретінде айтылуы мүмкін. Алайда ұшақ бортында олардың мағынасы мүлдем басқаша қабылданады.
"Авиацияда "бомба", "жарылыс", "террорист", "қару", "басып алу" сияқты сөздер және басқа да осыған ұқсас мәлімдемелер қатерді білдіруі мүмкін. Мұндай жағдайда экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметтері белгіленген рәсімдерге сәйкес әрекет етуге міндетті", - деп жазылған хабарламада.
Мысалы, Алматы - Ақтау бағытындағы рейсте жолаушылардың бірі "бомба" деген. Оқиғаға дереу авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері мен полиция қызметкерлері тартылып, ер адам рейстен түсірілген. Салдарынан рейс екі сағатқа жуық уақытқа кешіктірілген.
"Мұндай кезде әуе кемесі мен багаж тексеріледі, арнайы қызметтер тартылады, қажет болған жағдайда жолаушылар эвакуациялануы немесе әуежайдың кейбір жерлеріне кіру шектелуі мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Салдарынан әуе кемесін немесе экипажды ауыстыру, рейсті кейінге қалдыру және жолаушыларға қайта қызмет көрсету секілді мәселелер де туындауы мүмкін. Мұның барлығы - әуе компания мен әуежайға қосымша шығын.
ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актісін жасауға дайындалып жатқаны туралы жалған хабарлама жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу жазасы көзделген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!