Ішкі істер министрлігі 5 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шарасын бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іс-шара сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды, сондай-ақ оларды рұқсатсыз, бей-берекет сату деректерін анықтауға бағытталған.
Кәмелетке толмағандардың пиротехникалық бұйымдарды пайдалануы кезінде жарақат алмауына ерекше көңіл бөлінбек.
"Қауіпсіздік мақсатында пиротехникалық бұйымдарды сатуға лицензиялары бар мамандандырылған дүкендер мен сауда орындарынан ғана алған дұрыс. Пиротехниканы сатып алу кезінде ең алдымен сатушыдан өнімге сәйкестік сертификатын талап ету қажет. Әрбір пиротехникалық бұйым үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде қолдану жөніндегі нұсқаулық болуы қажет", - деп жазылған ақпаратта.
Тыйым салынған, шектелген тауарлар және өзге де заттарды сатқаны үшін 86 250 теңге мөлшерiнде айыппұл салынады (ӘҚБтК 196-бабы).
Жеке тұлғалардың тыныштығын, белгiленген тәртiптi пиротехниканы қолдана отырып бұзғаны үшін 69 000 теңге мөлшерiнде айыппұл салынып, пиротехникалық бұйымдар тәркiленеді (ӘҚБтК 436-бабы).
Тұрғындардың демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ға дейін тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 17 250 теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 69 000 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 103 500 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 345 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!