Қарағанды облысында өзін өрт қауіпсіздігі қызметінің маманы ретінде таныстырып, кәсіпкерлерді алдаған күдікті әшкере болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 37 жастағы ер адам ұсталды. Тергеу барысында күдікті мұқият ойластырылған алаяқтық схеманы қолданғаны анықталған.
Ол кәсіпкерлерге хабарласып, өзін Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт қауіпсіздігі қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерлік нысандарындағы өртке қарсы дабыл жүйелерін шұғыл жаңарту қажет екенін айтқан. Сонымен қатар, талап орындалмаған жағдайда қомақты көлемде айыппұл салынатынын алға тартып, кәсіпкерлерге психологиялық қысым көрсеткен. Осылайша күдікті өртке қарсы дабыл қондырғыларын нарықтағы бағасынан әлдеқайда арзан жеткізіп бере алатын адамдарды танитынын айтып, тапсырысты өзі ұйымдастыруды ұсынған.
Кейін жәбірленушілердің қаражатын өзінің жақын туысы мен танысының банк шоттарына аудартып отырған. Маусымда осындай әрекеттің құрбаны болған жергілікті кәсіпкер полицияға жүгінген.
Алаяқтың әрекетінен кәсіпкерге 200 мың теңгеге жуық материалдық шығын келген.
"Жедел әрекет еткен полицейлер күдіктіні анықтап, оны ұстады. Қазір бұл дерек бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", - деді ІІМ өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова