- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Айына миллион теңге...
"Айына миллион теңге табамын". Көлік жөндейтін азамат жұмысының қыр-сырын бөлісті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда "Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс" дегені бар. Мемлекетке өкпелеп, қымбатшылықтың қамытын киіп, жұрттан жылу жинап жүргендердің қасында еңбек адамы ең сыйлы. Өз шаруасын дөңгелеткен жандардың тірлігінен тұтас қоғам сабақ алуы тиіс. Біз барған кейіпкер таң атқаннан қас қарайғанға дейін қара темірдің басында жүрген азамат - Арсен Исмамбетов. Көлік жөндеуді кәсібіне айналдырған жігіт қарапайым көлік тұрағынан үлкен көлік жөндеу орталығына дейін көтерілді. Бизнесін дөңгелеткен жігітпен Massaget.kz тілшісі тілдесіп қайтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тараздың тумасы 22 жасынан бастап көлік жөндеп үйреніп бастапты. Үйренуіне өзінің алғашқы алған көлігінің жиі істен шығуы себеп болған. Көлік жөндеу орталықтарынан көңілі қалған жігіт ақыры темір тұлпарының тұралаған тұсын жөндеуге кіріскен. 4 жылдан бері "Автоэлектрик" болып қызмет атқарған Арсен өзінің алғашқы мамандығы "аспаз" екенін де жасырмады.
"3,5 жыл аспаздықты оқығанмын. Өз мамандығым бойынша 4-5 жыл жұмыс істедім. Группаластарымның арасында аспаздықты жақсы көрген жалғыз адам болдым. Бірақ 5-6 жылдан кейін бұл менің жұмысым емес екенін түсіндім. Жұмысқа барсам қамалып қалғандай сезім болды", - дейді ол.
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда
"Автоэлектрик - бұл үлкен жауапкершілік"
Мен - автоэлектрикпін. Бұл жұмысқа үлкен шыдамдылық, сабырлылық керек. 2-3 айда үйреніп алып, автоэлектрик болып кете алмайсың. Менің айтқым келетіні қорықпау керек. Өйткені адамның істегенін адам істейді. Көліктегі мәселені анықтау үшін мыңқырық токтың арасына кіруге тура келеді. Егер бір сымнан қателесіп кетсең біреудің көлігін өртеп жіберуің әбден мүмкін. Сондықтан бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда
"Көлік жөндеуді курс оқып үйрендім"
Ең бірінші бір жігіттің курсын оқыдым. Автоэлектрик оңай жұмыс емес. Мен өзім күйдіріп, өртеп, жандырып шығынға батып жүріп үйренгенмін. Жарты жылда бір рет шәкірттер қабылдап тұрамын. Айына 150 мың теңге төлейді. Бір айдан кейін қасымда пайыздық мөлшерлемеге жұмыс істесе болады. 6 айға жуық үйретемін. Үйренгеннен кейін жеке көлік жөндеу орталығын ашатындар бар немесе басқа сфераға ауысып кетеді. Ол әр адамның ынтасына байланысты.
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда
Тапсырыстың барлығын Instagram/arekee97 арқылы қабылдаймын
Мен аспаз болған кезімнен бастап жұмысымды әлеуметтік желіге бөлісе беретінмін. Бірақ ол кездерде қазіргідей дүмпу болмады. Ал қазір барлық клиент инстаграммнан көріп келіп жатыр. Мәселен қазір алдымыздағы бір айға орын жоқ. Біз ешқандай жалдау ақысын төлемегендіктен белгілі бір уақытта мынанша көлік жөндеймін деп айта алмаймын. Алайда бір көлікпен үш күн айналыссақ та нәтижелі қылып шығарсақ деген ниет бар. Айына шамамен 20-ға жуық көлікті жөндейміз.
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда
"Еңбегін сатпаған арын сатады"
Бір жерде 10 мың теңгеге істейтін нәрсені мен 20 мыңға жөндеуім мүмкін. "Өзінің еңбегін сатпаған арын сатады" дейді ғой қазақта. Сол себепті өзіміздің еңбегімізді бағалағанымыз дұрыс. Бұл жерде құр бағаны ғана жоғары қоймай, еңбегімізді де соған лайықты дәрежеде деп айта аламын.
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда
Кепілдік деген сөз "мына зат бұзылмайды" деген сөз емес
Белгілі бір көлікті жөндеп, ол көлік мен істеген дүниеден қайта бұзылар болса оны тегін жөндеп беремін. "Кепілдік деген сөз мына зат бұзылмайды" деген сөз емес. Ол мынау бұзылып қалса мен оны тегін істеп беремін деген сөз. Көп адам осы дүниені түсінбейтін секілді. Осыны адамдар ажырата білу керек деп ойлаймын.
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда
Қазақтар көліктің тілін түсінбейді деген бос сөз
Бұл бұрыннан қалыптасқан түсінік. Алайда орыстардың ішінде де көлік жөндеуге қорқып жүргендер жетерлік. Бұл жерде барлығы сенімге келіп тіреледі ғой. Қазақтың жігіттеріне барсаң "дұрыс істемейді" деген жарамсақ пікір қалыптасқан. Алдап кетеді, кетіп қалсаң бір бөлшегін ауыстырып жібереді деген қорқыныш бар. Қазақ жігіттерінің ішінде өзінің ар-намысы үшін жұмыс істейтіндер бар. Оларға ақша бірінші орында емес. Менде бір көлікпен 3-4 күн алысып, ол көліктен нәтиже шығара алмасам ақша алмаймын.
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда
Оқу орындарында практикаға көбірек көңіл бөлу керек
Мен колледжде "аспаз" мамандығында оқып жүргенде оқудың қажеті жоқ екенін практикаға барған кезде түсіндім. Диплом алып, тәжірибең болмаса ешкімге керек емессің. Қарапайым ғана мысал, мен аспаздықты 3 жарым жыл оқып келіп турауды білмесем еш жерге жұмысқа алмайды. Сол сияқты автоэлектрик мамандығын оқыған жігтіттер керек емес, егер ол машина жасай алмаса. Яғни теорияға қарағанда практика көбірек көңіл бөлу керек деп ойлаймын.
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда
Колледжде ештеңе үйретпейді
Менің қасыма "Автоэлектрик" мамандығын оқып жатырмын деген балалар келеді. Басым көпшілігінің айтатыны "Колледжде ештеңе үйретпейді" дейді. Бұл мамандықты бітіріп келгендердің көлік жөндей алмауына тағы бір себеп практикалық сабақтар сонау совет одағының кезіндегі көліктер. Қазіргі көліктерді практикада жөндеп үйретпейді. Оқу орындарында "белгілі бір көлік бөлшектерін жөндеуді ғана үйрете ме" деп ойлаймын. Менің ойымша реле қалай жұмыс істейді деген секілді көлік құрылымының негізін оқыту керек. Өйткені бұл құрылым барлық көлікте бар.
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда
Айына миллион теңге табамын
Қарапайым ғана бір көлік сыятын гараждан бастаған Арсен бүгінде үйінің маңынан үлкен көлік жөндеу орталығын салып жатыр. "Айына кем дегенде миллион теңге табамын" дейді ол. Кәсібін дөңгелеткен азаматтың алда ұстаздық қызмет атқарсам деген жоспары да бар. Ал біз үшін ұлы адамның қарабайыр тірлігінен көрі, қарапайым адамның ұлы істерін айту маңызды.
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Зинешов