Қазір Ұлыбританияда қара жұмыс істеп жүрген қазақстандық көп. Соның бірі - 27 жастағы қызылордалық Думан Кеңшілік, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Думан айына 800-900 мың теңгеге жуық жалақы алады екен. Ол тәжірибесі жоғына қарамастан "Тұманды Альбионда" үш айдан бері жүк тасымалымен айналысып жүр.
"Әлеуметтік желі арқылы бірге баратын серік таптым. Негізі егіс басында жұмыс істейміз деп ойладық. Бірақ бұйырғаны - осы. Жүк көлігін жүргізіп көрген емеспін, өздері үйретті", - деді Думан.
Оның сөзінше, аптасына 5, кейде 6 күн, тәулігіне 10, кейде 12 сағат еңбек етуге тура келеді екен. Ал жұмыс беруші әр сағаты үшін 10-11 фунттан төлейді екен. Бұл - теңгеге шаққанда 5-6 мың теңге шамасы. Сонда күн сайын кем дегенде 50-60 мың табады.
Дамыған шет елде шығын да жоғары. Думан пәтер ақысын өз қалтасынан шығаратынын, тамақ қымбат екенін, соның ішінде нан 500 теңгеден басталса, картоптың келісі 1,5-2 мың теңге аралығында екенін жеткізді.
Думан Қазақстаннан барғандар түгел дерлік қара жұмыс істеп, нәпақа тауып жүргенін де айтады. Көбінің Ұлыбританияны таңдайтын себебі 6 айға жарамды еңбек визасы берілуінде екен. Екіншіден, орыс тілінде сөйлей алсаң, сол да жеткілікті көрінеді.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың шетелде жұмысқа орналасуы жеңілдеуі мүмкін екені хабарланған болатын.
Назерке Саниязова
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!