Жоқтан бар жасайтын адамдар болады. Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны Владислав Голярко – солардың бірі. Ол үш жылдан бері түрлі тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаумен айналысып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сайрам ауданында туған 35 жастағы жігіттің кәсібі шынында қызық. Ешкімге керегі жоқ босаған шөлмек, қаңсыған қалбырлар мен әр жерде шашылып жататын қағаз картондарды теріп, қайта өңдеу. Алғашында жай ғана ауласын таза ұстауға деген жанашырлықпен ол өзі өмір сүретін тұрғын үйдің ауласына бірнеше темір контейнер орнатқан. Ондағы ойы – тұрмыстық қалдықтардың әрқайсысын бөлек сұрыптап, оларды қайта өңдеуге тапсырту. Кейін тәжірибе сәтті шығып, басқа да аумақтар қолдап ала жөнелгенін айтады. Мақсаты тұрғындар санасында экологиялық мәдениет қалыптастыру болған оның бұл ойы расында жүзеге асты. Тіпті осыдан 2 жыл бұрын осы жобасы үздік деп танылып, 10 млн грант ұтып та алған. Ол ақшаға кәсіпкер сұрыптауға арналған тұтас цех ашқан.
"Басында бұл саланы кәсіп етем деп мүлдем ойлағаным жоқ. Жай ғана айналамызды таза ұстап, қоқысты көшеге тастамайтын тұтынушы мәдениетін үйреткім келді. Шетелдерге барғанда олардың айнадай жарқыраған көшелеріне қарап қызығатынмын. Байқап қарасам, олар тұрмыстық қалдықты әр бөлек тастайды екен. "Ее, бізге осыдан үйрену керек екен" деп келген бойда қолға алдым. Кейін бір кәсіпкер оларды өзіне өткізуді сұрады. Бұл жобаны жетілдіріп, байқауға ұсынып көргенімде, бағым жанып, қомақты грант ұтып алдым, солайша оны өзім өңдеу жайлы ой туды", - дейді Владислав Голярко.
Аты Владислав болса да, қазақшаға судай кәсіпкердің әлеуметтік дүкені де бар. Ол жерге ауыл тұрғындары бөтелке, қалбыр, баклажка секілді өздері тұтынған соң босаған тұрмыстық қалдықтарды ұқыптап жинап алып келеді де, орнына азық-түлік немесе ақшасын ала алады. Осылайша екі жаққа да тиімді кәсіптің айналасында бүгінде 10 шақты адам қызмет етуде. Ай сайын бір ауданның өзінен 70-80 тонна қоқыс өңдейтін шағын өндірістің табысы 400/600 мың теңге болса керек. Ойдан ой туып, Владиславқа бүгінде жаңа жоба бастау идеясы келген. Қазір жарамсыз бөтелкелерді зауытқа өткізіп, орнына жаңасын алып отырған ол көп ұзамай алма шырынын шығаратын кәсіпорын ашпақ ниеті барын жайып салды.Мемлекеттен лицензия берілсе болды, бұл іске білек сыбана кірісуге дайын отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!