"Айына 4-5 млн табамын". 8 жылдан бері той көйлегі салонын басқаратын кәсіпкер құпиясын бөлісті

Ақтаулық Гүлжамиля Есеналиеваның негізгі мамандығы - дінтанушы. Бірақ тұрмысқа шыққан соң кәсіппен айналысқан. 8 жылдан бері "Періштем" той көйлегі салонын басқарады. Бүгінде айына 4-5 млн, жазғы маусымда 10 млн теңге табыс әкелетінін айтқан кәсіпкермен тәжірибесі мен той көйлек бизнесінің қыр-сыры туралы Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Алғашқы айда 120 мың теңге таптым"

Көпбалалы ана Гүлжамиля Есеналиева бұл кәсіпті 2015 жылы бастаған.

 "Бұған дейін бірнеше кәсіппен айналысып, ыдыс, балалар мен жүкті әйелдер киімі, жөргектер саттым. Ал той көйлегін сатуды 2015 жылы маусымда бастадым. Бұл кәсіпті негізі аяқ астынан аштық десем болады. Жүкті аналарға арналған киімдер сатып жүргенімде тұрақты клиентімнің бірі "Жәмила, қалыңдық көйлегі салонын ашсаң жақсы болар еді, қолыңнан келеді, әрі пайдасы бар" деп қызықтырды. Сөйтіп, Алматыға тауар алуға барған кезде 100 мың теңгемді 3 той көйлегіне жұмсадым. Ауылға келген соң өзімнің, қайынсіңлімнің тойына сатып алған көйлектерін жинадым. Сосын Бейнеу ауданынан 10 көйлекпен жолдасым екеуміз салон аштық.

Алғашқыда тапқан ақшаның бәрі салонға кетті. Жаңа көйлек, гүл, фата, соның барлығын толтырып алатын едік. Инстаграмды күнде жүргізіп, клиенттерді қызықтыру үшін сурет, видео салатынмын. Алғашқы айда кіріс 120 мың болды. Ғимаратты жалға алу ақысы 80 мың теңге еді. Соны төледім. Қалған ақшаға көйлектердің қарызын жаптым. Екі жыл бұл кәсіптен пайда көрмедім. Тек жұмыс істеп, клиент жинадым", - деді ол.

Кәсіпкер "Періштем" атауының қойылу себебін түсіндірді.

"Жүкті кезімде өзім сияқты аналарға киім таба алмайтынмын. Сосын соларға арналған киім сату туралы идея келді. Қызым 1 жасқа толған соң осы идеямен Түркиядан балалар және жүкті әйелдерге арналған киім алдыртып, Бейнеуде саттық. Атын "Періштем" деп қойдық. Өте атақты бренд боп кетті. Тіпті, атымды білмейді, бәрі мені "Періштем" атап кетті. Сол үшін де салонды ашқан кезде де осы атты қалдырдық", - деді ол.

"Ешкімнен қарыз алмадық"

Кәсіпті жолдасының жинаған ақшасымен бастаған.

"Салонды ашқанда біз ешкімнен қарыз алмадық. Күйеуімнің жалақысынан жинаған  ақшасымен бастадық. Атырауға барып, салондармен келісіп, көйлектер алып келетінмін. Себебі көйлектерім аз болды. Кейін осы саладағы атыраулық кәсіпкерлермен дос болып кеттім де, олар көйлекті жиі беріп жіберіп жүрді. Яғни, көйлектерін сатам да, оларға ақшасын қайта салып жібермін. Осылайша, Бейнеуде екі жыл жұмыс істедім", - деді Гүлжамиля Есеналиева.

Оның айтуынша, алғашқыда клиент табылмаған.

"Бейнеуден ашқан кезде екі апта клиентсіз отырдым. Себебі жаңадан ашылған соң ешкім білмейтін еді. Сосын "Вконтакте" әлеуметтік желісіне жарнама бердім. Сол жақтан біраз адам жиналды. Кейін олар бір-біріне айтып, көп клиент келе бастады", - деді кәсіпкер.

"Тәуекел еттік"

Ол 2017 жылы салонды Ақтаудан ашқан.

@perishtem92

♬ оригинальный звук - Perishtem_aktau

"10 айлық қызыммен Ақтауға көшіп келген едік. Қаладан салон ашу ойымда болмады. Бірақ Бейнеудегі салоным жұмыс істеп тұрды. Жаздың кезі еді. Бір қалыңдық хабарласып, "маған тез арада мына көйлек керек, тойыма алдыртыңызшы" деді. Басында күмәнданып, "нақты аласыз ба?" деп сұрадым, келіскен соң алдырдым. Сол қалыңдық бір бөлмелі жалдамалы пәтерімізге келіп, көйлекті киіп қарап, ақшасын төледі де, алып кетті. Сол кезде "сіз неге Ақтаудан ашпайсыз, мынадай көйлектер Ақтаудан таба алмадым" деп идея тастады. Бір жағы қорықтым, екінші жағы "балам кішкентай" деп ойладым. Бір күні күйеуім жұмыстан келіп, "Ақтаудан салон ашайық" деп айтты", - деді Гүлжамиля Есеналиева.

Ақтаудағы салонды ашу үшін 1 млн теңге қарызға алған.

"Ашайық деп жоспарлағанымызбен қолымызда ақша болмады. Қайынағамыздан қарызға 1 млн теңге ақша сұрап алдық. Бұл ақшаның бәрі бутиктің ішіне жиһаз алуға кетті. Қалған ақшаға 2-3 жаңа көйлек алдық. Жалға алуға ғимаратты 160 мың теңгеге таптық. Өзіміз 100 мың теңгеге жалдамалы үйде тұрамыз. Бірақ не болса да тәуекел етіп, салонды аштық. Қызыма бала күтуші жалдап, соған бердім. Сөйтіп, 2017 жылы қыркүйекте 11 көйлекпен Ақтаудан салон аштым", - деді кәсіпкер.

"Карантин кезінде қиналдым"

Кәсіпкер карантин кезінде қатты қиналғанын атап өтті.

"Карантин уақытында 6 ай қатты қиналдық. Себебі көп салон жалға алу ақысын төлей алмай, жабылды. Біз де біраз шығынға ұшырап, 5 млн теңгеге қарызға баттық. Кейбір көйлектерді қарызға алып отырған соң, олардың құнын жаба алмай қалдым. Сөйтіп, жеке фотосессия ұйымдастырдық. Басқа қалалардан келген клиенттерге яхта, машина, түрлі локация, көйлек, отель, шаш үлгісі, бет әрлеу, барлығын бір жерден алатындай тиімді баға қойдық. Тапсырыс көп түсті. Кейін фотосессиялардың арқасында қарыздардың бәрін жауып, карантиннен шықтым.

Бірақ Бейнеудегі филиалымыз карантин кезінде жабылып қалды. Өйткені тұрғындардың бәрі қалаға келіп алатын еді", - деді ол.

Оның айтуынша, көйлектер шетелден арнайы тапсырыспен тігіледі.

"Қазіргі таңда біз көйлектерді Қытайдың Гуанджоу қаласындағы фабрикадан, Ресейден және хиджаб киетін қыздар үшін жабық көйлектерді Түркиядан тапсырыспен тіктіріп, сол жақтан алдырамыз. Ал көйлектердің үлгісін клиенттің сұранысына қарай талдау жасап, таңдап аламыз", - деді ол.

"Қазақстанда алғаш біз енгіздік"

Салонның ерекшелігі мұнда кез келген қалыңдық өзінің ойындағы көйлегін таба алады.

"Біздегі ерекшелік - клиенттеріміз ойындағы кез келген көйлегін таба алады, тапсырыс та беріп, тіктіруіне болады. Жалпы Қазақстанда хиджаб киетіндер үшін жабық той көйлегін алғаш рет біз қосқанбыз. Қазір де көптеген салондардан қалыңдықтар сондай көйлектер іздесе, олар бізге сілтеп жібереді. Біз қолы, мойыны жабық болуы үшін киетін киімі мен орамалын да қосып береміз", - деді ол.

Гүлжамиля Есеналиева кәсібін ерекше жақсы көретінін айтты.

"Клиенттермен жұмыс істеген, сөйлескен, оларға бірге таңдасып, киім сату ұнайды. Сол үшін кәсібімді жақсы көремін. Қонақ күту, тамақ пісіруді қатырмасам да, сатуды жақсы білемін (күлді). 

Үйде кеш жатамын. Көйлектерді жуамын, әлеуметтік желідегі парақшаларды жүргіземін, идея іздеп жүремін. Сәйкесінше, ерте тұрамын. Ойындағы іске жету үшін кез келген адамның ниеті болуы керек", - деді ол.

"Үш рет ұрлық болды"

Кәсіпкер салонды жүргізу басқа кәсіпке қарағанда жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.

"Бұл кәсіпте екі есе энергияң мен күшің кетеді. Бұған дейін бірнеше кәсіппен айналыстым. Бірақ қалыңдық көйлегін сату жауапкершілікті қажет ететін кәсіп. Себебі өмірінде алғаш рет тұрмысқа шығады, тойда ерекше болғысы келеді. Сондай сәтте әдемі, ойындағыдай шығуы үшін біз атсалысамыз. Той өткенше көйлегін таңдасып, фотосессия жасап,  барлығына жүгіріп жүреміз. Басқа бәсекелестерімізден ерекшелігіміз де - осы. Жалпы салонға ең бірінші болып трендтегі, сәнге алғаш боп шыққан көйлектерді әкелуге тырысамын", - деді ол.

Гүлжамиля Есеналиева салонда 8 жылдың ішінде бірнеше рет келеңсіз жағдайлар орын алғанын айтты.

"Салонда үш рет ұрлық болды. Екі рет күйеу жігіт сөмкедегі ақшаны ұрлап кетті. "Іште камера бар" деп қорқытып, ақшаны қайтарып алдық. Себебі қомақты сома ұрланған еді. Үшінші жағдайда жалға алған ғимараттағы адамдардың бірі салонды кілтпен ашып кіріп, ноутбук ұрлаған. Ал оның ішінде клиенттің барлық деректері мен оларға жасалған шақыру билетінің дизайндары бар болатын. Былайша айтқанда, 4-5 жылдық жұмыс бар еді. Сол кезде бірден басқа ғимаратқа көштім. Өйткені бір рет кілтпен ұрланғаннан кейін  күмандандым", - деді кәсіпкер.

"Бір айда 4-5 млн теңге табамын"

Оның айтуынша, бір айда 4-5 млн теңге кіріс түседі.

@perishtem92

♬ оригинальный звук - Perishtem_aktau

"Қазіргі уақытта салонның кірісі 4-5 млн теңге болса, жазда 10 млн теңгеден асады. Алдағы уақытта жоспарымыз көп. Қытайлық фабрикаларға шығып, сол жаққа барғымыз келеді.  Әзірге екінші филиал ашу ойда жоқ", - деді кәсіпкер.

Гүлжамиля Есеналиева кәсіпте кез келген жағдайда екі адаммен ақылдасатынын айтты.

"Жолдасым кәсіппен айналыспайды. Бұл салаға қатысы жоқ. Бірақ кез келген мәселені бірінші жолдасыма айтып, содан ақыл-кеңес сұраймын. Үнемі қолдау білдіріп отырады. Екіншісі атыраулық құрбым - Бану. Екеуміз бір салада жүрген соң ортақ сырымыз да көп, бір-бірімізді жақсы түсінеміз", - деді ол. 

"100 мың теңгеден басталады"

Салондағы көйлектерді жалға алу бағасы 100 мың теңгеден басталады.

 "Той көйлектерін жалға алу бағасы 100 мың теңгеден, сатып алу бағасы 300 мың теңгеден басталады. Бұдан басқа қазақша этнокөйлектер мен шапандар, араб стиліндегі және кешкі көйлектер бар. 

Қазіргі таңда екі адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, киімді тазалауға алып кететін жалдамалы жұмысшылар бар. Көбіне өзім онлайн жұмыстарды атқарамын", - деді кәсіпкер.

Гүлжамиля Есеналиеваның айтуынша, батыстағы қалалардан тапсырыстар жиі түседі.

"Бізге Маңғыстау облысымен қатар, Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларынан да келетіндер көп. Онлайн тапсырыстар да жиі түседі", - деді ол. 

Еске салайық, бұған дейін әншілердің баласы баратын мектептің басшысы кәсіпті қалай бастағанын айтып бергені туралы жарияланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Диабетиктерге не жеуге болмайды?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!