- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Айына 371 мың...
Айына 371 мың теңге: Ең көп шығындалатын тұрғындар қай өңірде?
Ұлттық статистика бюросы халықтың орташа табысы мен шығысы жайлы статистика жариялады. 2024 жылдың II тоқсандағы қорытынды бойынша берілген дерекке сүйенсек, табысы да мол, шығысы да көп өңір Астана қаласы екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылдың 2 тоқсанында қазақстандықтардың шығыстары жан басына шаққандағы орташа есеппен 282,3 мың теңгені құрады, бұл өткен жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 8,2%-ға жоғары. Ал халықтың ақшалай табысы жан басына шаққанда орта есеппен 330,4 мың теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 16,5%-ға артық.
Қазақстан Республикасының өңірлері арасында 2024 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша Астана және Алматы қалаларының тұрғындары ең көп шығынданатыны анықталды. Жан басына шаққанда Астана тұрғындары айына 371,1 мың теңге, Алматы тұрғындары 374,3 мың теңге жаратады екен. Ең аз шығынданатын облыстар қатарында Түркістан мен Шымкент тұр. Бұл жақтарда халық айына орташа 191,1 мың және 218,9 теңге жаратады.
Ал айлық табысы ең жоғары Астана қаласы екен. Өңір тұрғындары орташа есеппен 495,5 мың теңге табады. Тізімде екінші орында 430,3 мың теңгемен Қарағанды, үшінші орында 425,5 мың теңгемен Алматы тұр. Табысы аз өңірлер тізімінде 230,3 мың теңге көрсеткішімен Түркістан және 237,8 мың теңге көрсеткішпен Жамбыл облысы тұр.
Деректерге сүйенсек, халық шығындарының басым көлемі азық-түлікке жұмсалады. Орташа есеппен 145,7 мың теңге. Қазақстандықтар айына сыртта тамақтануға 6,3 мың теңге, темекі өнімдеріне 4,2 мың теңге, алкогольдік сусындарға 1,6 мың теңге, коммуналдық қызметтерге 14 мың теңге, білімге 3,6 мың теңге, денсаулыққа 4 мың теңге, байланыс қызметтеріне 9,6 мың теңге, бос уақытты ұйымдастыруға 3,6 мың теңге жұмсайды екен.
Несиелер мен қарыздарды өтеуге арналған шығыстар 2024 жылдың 2 тоқсан қорытындысы бойынша орта есеппен 19,4 мың теңге. Туыстары мен жақындарына материалдық көмек көрсетуге, сондай-ақ алимент өндіруге арналған шығыстар бірден 6,2 мың теңгені, салықтарға жұмсаған шығыстары 459 теңгені құраған.
Материалға қосымша Қазақстанда жалақысы жоғары ТОП-10 қызмет түрін оқи отырыңыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Н. Ынтымақұлы