Танымал айтыскер ақын Сара Тоқтамысова ауылына мешіт салып берді. Құрылысы біткен мешіттің ашылуын неге Ақсуаттағы тоймен қатар өткізбегенін де ашып айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Көңілім босап отыр. Ауылға жеттік. Құрылыстан кейін Мешітті өзім де бірінші рет көріп отырмын. Бір бұрышына отырып жылап қалдым. Алла қасиетті үйіңді салғызуға мүмкіндік бергеніңе шүкір. Мейірімді Алла кішкентай арманымды орындағаныңа шүкір. Ешқашан азан үні естілмеген ауылымнан күмбезін жарқыратып мешіт соғуға себепкер қылғаныңа шүкір", - деген тебіреніске толы жазба қалдырды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сара Тоқтамысованың айтуынша, мешіт салу туралы идея әуелі күйеуінде пайда болған екен.
"Отағасы Есіліме мың алғыс. Ең бірінші сол кісіден туған ұсыныс. Төбемде Алла көріп тұр. Еліңнің батасын алдың, ата-анаң да осы ауылдан шықты, біздің ауылдарда қос-қостан мешіт бар. Сенің Ауылыңа бір мешіт бастайық, өз ретімен болады" деген жан жарымның сөздері одан сайын шабыт берді", - дейді Сара Тоқтамысова.
Сара мен күйеуі мешіт салып жатқанда көмектескен адамдар да баршылық екен.
"Бұл Мешіт басталғаннан айналамдағы шын жанашырларым өз көмектерін аямады. Бір кірпішін болса да алыңызшы деп көмегін созған оқырмандарымда көп болды. Алланың үйіне көмегі тиген әрбір жанға Алла жәннаттан үй сыйласын", - деп жазып, әлеуметтік желідегі оқырмандарына алғыс білдірді.
Айта кетейік, айтыскер ақынның ауылы Ақсуатқа жақын. Айтыскер неге Ақсуатта өткен дүбірлі тоймен қатар мешіттің ашылу салтанатын жасамағанын да айтты.
"Ақсуатта 3 күн қатарынан дүбірлі той өтіпті. "Мешіттің ашылуын тура осы күндерге қояйық, сырттан келетін әнші-ақындар көріп кетеді" деген ақылшылар көп болды… Бас тарттым. Себебі Мешітті мақтану үшін, мақтан үшін ашып жатқамыз жоқ. Атымды шығара алмай жүрген адам емеспін", - деп жазды ол.
Мешіттің ашылуы 26 шілдеге жоспарланып отыр.
"Менің ниетім ауылым қуанса болды. Мешіт салынған жерге Алла береке беріп қояды дейді. Ауылым берекелі ауылға айналса екен деп армандаймын. Ниетім осы мешітті ашып берсек , балалар намаз үйренсе екен деймін .Үлкендер құбыланы тауып, иманға жақындаса деймін. Дәл жолдың бойына жақын бұл мешіт. Көлікпен Өткен-кеткен жолаушы маңдайын сәждеге тигізсе деймін деймін. Бұйыртса 26-сы күні сағат 10:00 де Аққала ауылында мешіттің ашылуы. Келіңіздер! Келсеңіздер қатты қуанатын едім. Алыстағы дос-жарандарыма қайтсең де кел деп қысай да алмайсың... Жолдың жағдайын көріп-біліп отырсыздар... Шын ниеттестер келер", - деп хабарландыру жасады Сара Тоқтамысова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!