- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Айтыскер Мұхтар Ниязов...
Айтыскер Мұхтар Ниязов Ресейден көлік аламын деп алаяққа тап болғанын еске алды
Танымал айтыскер Мұхтар Ниязов Ресейден көлік аламын деп алаяққа тап болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
"Қай жылдары бір Ресейде рубль құлдырап, көліктері арзандап кетті. Бір жерде бірнәрсе арзандады десе, қолындағы бар қымбатын сатып ұмтылатын халықтың бел баласы ретінде мен де сол барып, бағымды сынап көргім келді. Қасыма түрі өзімнен онша емес адам ертіп жүретін әдетіммен Мейрамбекті ертіп алдым. Дос бар, дұшпан бар, жолда тағы елдің назары оған ауып кетіп жатса, қиын ғой. Мирош менің ол ойымнан бейхабар, алысқа алып шығатын шаһардағы ең сенімді досы мен екенмін деп ойлап жүр. Сүйтіп шұғыл шешім қабылдап, Ақтөбенің теміржолына түстік. Аман-есен жетіп, теңгені рубльге айналдырып, Марат Ахмет достың меймандос дастарханына жайғасып, әрі қарай Шымберген ағамызға қонақ болып, түнде Шәкеңнің інісі Орск қаласының шекарасына жеткізіп тастады. Бізді негізі алып барып, жол нұсқауды Ақтөбенің бір асаба жігіті мойнына алған. Есімі еске түспей түр, лақапаты "Сыған" еді. Ол шырағым шекарадан күтем деген, барсақ тасбақаның сирағы да жоқ. Екеуміз жаутаңдап бір-бірімізге қарадық та қалдық. Күн суық, шопыр бала әкеп тастап кетіп қалған. Желі жоқ, телефон өшті. Жай кезде құлаған кесіп алсаң да ашуланбаған күйі қанын сорғалатып ыржиып жүре беретін Мейрамбегім мінез шығара бастады. "Сонау ит өлген жерден, қаңғып Сыған деген біреуге сеніп келдік пе сонда, дұрыстау жауапкершілігі бар адам таппайсың ба?" деп еліреді. "Қаңғуға Сығанннан ыңғайлы халық жоқ қой жер бетінде, соған ермегенде кімге ереміз?" деп мен тұрмын жартылай әзілге бұрып, өз-өзімді басып. Ашуланғанда Мейрамбектің өзі жаман түрі одан сайын қорқынышты болып кетеді екен. Үйден шығарда Гүлнардан (келіншегі) сұранбай қашып шыққан, соны уайымдады ма, әлде түсте екі жерден ет жеп еді соның күші ме, әйтеуір көпке дейін елеріп еге бермей кетті. Бір кезде менің аяқ асты тарихи санам оянып: "Әй, Мейрамбек, Орск деген қаланың бұрынғы аты Жаманқала, кезіндегі қазақтың өз жері, кейін көрші елге өтіп кеткені, несін қорқамыз, шекара тұр демесең, өзіміздің жер ғой, кеттік" дедім. Сонша кеңірдегімді керіп айтқанымды қайтейін, біздің балаға Қызылорданың жері болмаса қазақтың байырғы жері, оның өткен шағы, болашағы аса қызық болмай шықты", - деп еске алды айтыскер.
Ол көлік алуға барғандарды тонап кетіпті деген әңгімелдерге қанық болғанын, көлікті алғаннан кейін жолда тап болған қиындығын айтты.
"Сыған жоқ деп өлеміз бе, өзіміз де тірі жылан, тісті бақамыз ғой, бірдеңе ғып арғы бетке өтіп алдық. Енді қайда барамыз деп дірілдеп тұрмыз. Қалтада бір көліктің ақшасы тұр. "Екі көлік алуға барғандарды тонап кетіпті, пышақтап кетіпті" деген қаншама аңыз-әңгімелер мидың бір бұрышында жаңғырып тұр. Бір кезде қара түнде қақ жарып айналайын Сыған інім жарқ етіп алдымыздан шыға келді. Шекарада бізді күтіп тоңып қалған соң, бергі бетке өтіп, бір жылы жерге қисайып, ұйықтап кетіпті. Мейрамбек тағы да ұйықтатып жіберер деп, "ағаң тоңып, мазасызданып тұр, жолама" деп алыстатып қойдым. Барып бір жерге түнеп, ертесі көлік базарына келдік. Шынында көліктің неше түрі самсап тұр. Бірі бірінен өтеді, көздің жауын алып бара жатыр. Екі сағат жүрдік тоқтай алмай. Мейрамбек бір жапонның көлігін нұсқады, бірақ менің көңілім басқада. Бағана базарға кірерде көзімнің астына басып кеткен бір сүлік қара "Audi А4" көріп кеткенмін. Айналып соған бардым. Жылы 2001 екен. Біз 1994-тен жоғары Audi көрмегенбіз ғой. Мен айналшықтап шықпай қойдым. Ішін көрсең енді, өзі шап-шағын, бірақ жарқырап тұр. Былғары салон, титан диск, не керек бәрі бар. Мейрамбек аса жақтырмады, ол өзінің жапонына қарай тарта береді. Оның маған түрі ұнамайды. Қораштау көрінді. "Түрі онша емес адам түрі онша емес көлікті таңдайды ғой, дұрыс қой" деп оны да түсініп тұрмын, бірақ мына Audi мені әбден баурап алды. Мейрамбек ана көліктің мықтылығын, оңайлықпен бұзылмайтынын айтып әлек. Бір кезде түнде сен ашуландың ғой, енді мен ашуланайын деп Мейрамбекке: "досым, негізі сен маған серік болып еріп келген адамсың ғой , ақша менікі, алатын көлік менікі, дұрыс болмаса проблема да менікі, ана көлік ұнап тұрса өзің басқа Сыған тап та, соған еріп келіп ал, сенің көңіліңе қарап өлетін болдық қой, тілмаш" деп қысқа қайырып, бұрқ ете қалдым. Әрі қарай менің сырымды білетін досым, еш сөз таластырмай, мен таңдаған көлікті алуға келісті. Сатып тұрған орыс ағамыз да үйіндегі төрт жаздық дөңгелегін қосып беріп, шай-суымызды алып беріп, тіркеуден шығарып, шекараға дейін әкеліп, қимай зорға шығарып салды. Содан шекарадан жеті түнде-ақ боранмен алысып Шымберген ағаның үйіне зорға жеттік. Ет пісіп тұр екен, жеп алып аялдамған күйі елге қарай шығып кеттік. Ұйқы сергек, жол ұзақ, көлік лыпып тұр. Мейрамбектің ішінде әлі жарығын жағып, сөндіріп жапон көлігі тұрғанын білсем де, өз таңдауымды мәжбүрлеп мақтатып, мақұлдатып келе жатырмын. Сол жолғы даланың суығындай суық көрген емеспін, далаға дәрет сындыруға шықсаң дәретің шынымен сынып түсетіндей аяз кәдімгі. Түнімен біраз жол өндіріп, таң алдында қарагердің тізгінін Мирошқа беріп, өзім талма ұйқы басып, қатып қалыппын. Бір кезде Сексеуілдің тұсына жеткенде досым оятады. "Мұхтар, машина тартпай келе жатыр, газды қанша бассам да күш жоқ, жылдамдығы бірте-бірте азайып бара жатыр" дейді. "Тоқташы" деп, бірнәрсе түсінетін адам ұқсап капотты, ашып-жауып, тоңып, жаурап қайта ішке кірдік. Сосын "дұрыс айдамай, бірнәрсесін күйдірдің, төлеп бересің, орнына қоясың" деп өзіне бәле жауып көріп едім, әккі бәле мойындамады", - дейді ол.
Айтыскердің айтуынша, кейін көлікті бірден сатып жіберген.
"Содан Аралға дейін жетіп, сөндіріп қойып отырдық. Қазалыдан Жаңалық ағамызға хабарластық, ол кісі алып-ұшып Аралға келді. Сүйтіп Қазалыға жетіп, жөндейтін жер іздеймін дегенше шәй-су ішіп алып, көлікті от алдырсақ ұрып тұр. Өзім рөлге отырып, қалаға тарттық. "Жүйрікті жүйрік айдау керек, Миша, кеше түнде бұл сенің ыңғайыңа қарай жүрген ғой" деп келе жатқанда, көліктің жылдамдығы тағы да құлады ғой. Сүйтсек бұл көліктің қызып кетсе тартпай қалатын ауруы бар. Ана "дұшпаным" енді мені табалауға көшті. "Жұрттың жүйріктері қызған сайын өкпесі ашылып, көсіліп шабады, сенің жүйрігің нақ қызған кезде тоқтап қалатын қызық жүйрік екен, әй, кеше жапонның көлігін алайық дедім саған " деп өзім көлікпен бірге қызып келе жатсам, одан сайын күйдіреді. "Оның түрі ұнаған жоқ" маған десем, "мынауың сұлу болғанда не болды ал, сыртының әдемілігін қайтесің, жолда қалдырмай, бұзылмай баратын жеріңе аман-есен апарса болды емес пе?" деп бой беретін емес. Онымен осы жолы іштей келіссем де, тап сол жерде сыр береуге тырысып сазарып, қалаға жеттік әйтеуір. Елдің бәрінің әңгімесі менің көлігім. "Барып келіпті, алып келіпті, көліктің тәуірі сонда екен" деген сөздер достарымның арасында желдей есіп тұр. Әр қайсысы бір соғып, қарагерімнің кеше Ресейде мен қызыққан жерлеріне қызығып жүр. Мен де басымды шарасыз изеп, көрсетпей күрсініп, өзім білетін сырын ешкім біліп қоймасын деп жасырып бағып шаршадым. Ертесіне Қармақшыға баратын болып, барлығы "жаңа көлікпен шығайық, жануардың аяқ тастасын көрейік" деп, менің шыр-шыр қарсылығыма қаратпастан мініп шықтық. Жүз шақырымнан асып, әңгіме қызғанда көлік те қызды ғой. Сосын жайлап "мына көліктің сыртқы келбетіне қызығып ала қойып едім, ақыры осындай болып шықты, бір жағынан қасыңа ертіп шыққан адам да дұрыс болмаса болмайды екен " деп қалғанын Мейрамбекке жаба салдым. Содан ілдалап сол сапардан келдім де, қалада көлік, матор жөндейтін бір кәріске арзан бағаға өткізіп жібердім. Құрсын, орыстан алған немістің көлігін кәріске сатып зорға құтылдым сүйтіп.. Әшейінде "алсаң ал, алмасаң қой" деп тұра беретін Орскідегі орыс ағамның неге аяқ астынан шекараға дейін жалпылдап, қимай шығарып салғанын кештеу болса да түсінген сияқтымын. Мейрамбек қазір желкесінен жүн өсіп бастық болып кетті. Баяғыдай желкелеп жолға жетектеп кете алмайсың. Қазір ондай ұзақ жолға шығуға өзім де аса құлықты емеспін. Жалпы көлік таңдағанда байқау керек екен. Сырты жылтырап тұр екен деп сеніп қалмау керек. Әбден тексеріп, көз жеткізбей, ұзақ жолға шығуға болмайды. Орта жолда сыр бере салуы мүмкін. Әрине бұл әңгіме тек көлікке ғана қатысты емес", - деп жазған ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек