- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Айтыскер ақын Айшолпан...
Айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай ұшақта болған күтпеген жайт туралы айтып, көз жасын тоқтата алмады
Айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай ұшаққа отырар алдында ыңғайсыз жағдайға тап болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Айшолпан Instagram-парақшасында айтты. Ақынның сөзінше, ол FlyArystan әуекомпаниясының рейсіне Астанаға билет алып, ұшпақ болған кезде қызметкерлер Айшолпанның домбырасын ұшаққа кіргізбейтін болған.
"Тіркеу, тексеруінен өтіп, халықпен бірге ұшаққа отырайын деп келе жатсам, алдымнан FlyArystan-ның бір қызы шықты. Ұшаққа екі-ақ аттам жер қалды. Ол маған "біз домбыраны өткізбейміз немесе сізді рейстен түсіреміз" деді. Қолымда қазақтың домбырасы, жолымда тұрмаңыз деп ары қарай кетіп бара жатсам, әлгі қыз киімімнен тартып, мені итеріп, қолымдағы домбыраны алайын деп қолымнан тартып, өзінің шамасы жетпеген соң тағы бір қызды шақырды", - дейді айтыскер ақын.
Артынша екі қыз күзетшіні шақырған.
"Күзетші ағамыз иманы бар намысты жігіт екен. Маған қарады, мүмкін мені таныған болар немесе қазақтың домбырасын құрметтегені болар, ештеңе демеді. Ары қарай ұшаққа отырып кеттім. Бір түсінбегенім, неге біз өз елімізде домбыраны қорлықпен тасу керекпіз? Неге елдің көзінше мені қызметкерлер жұлқылауы керек? Артымда ағалар тұр, біреуі "бұл қазақтың домбырасы ғой" демеді. Менің домбырамды қалай жұлқылағанын бірге ұшқан барлық адам көрді. Бір ашуым келгені маған "бұл компания кімдікі екенін білесің бе?" деді. Маған бәрібір кімдікі болса да", - дейді жас ақын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айшолпанның бұл мәлімдемесіне қатысты әуекомпания өкілдері жауап берді.
"Біз әуекомпания болғаннан кейін және де бірінші орынға қауіпсіздік пен жолаушылардың жайлылығын қойғаннан кейін, ереже-шарттарды қатаң ұстануымыз тиісті. Осы орайда FlyArystan әуекомпаниясы әрбір бортта 188 жолаушыға дейін тасымалдайтынын хабарлаймыз, оларды ешқашан бөліп-жармаймыз, бәріне бірдей ереже-шарттарды ұсынамыз. Әрбір жолаушының қолжүгін жүксөреге сыйдыру үшін тек 1 дана қолжүгін алып жүруге рұқсат береміз. Оған қоса, жолаушылар билетті тек ереже-шарттарымен келісе отырып ала алатынын есіңізге саламыз. Сол себепті сіздің сапарға дейін музыкалық аспаптарды тасымалдау ереже-шарттарымен таныса алмағаныңыз өкінішті-ақ", - дейді компания өкілдері.
Компания өкілдері домбыраны тасымалдау ереже-шарттары ресми сайттың "Ақпарат" бөлімінде көрсетілгенін айтады.
"Нақтылай кетсек, қолжүк өлшемдері 56x23x36 см-ден аспауы тиісті. Осы орайда музыкалық аспаптардың бұл өлшемге сәйкес келмейтініне назарыңызды саламыз және де қолжүк ретінде ұшақ бортына алып жүруге рұқсат етілмегенін хабарлаймыз (Музыкалық аспап сөреге орналастырылған жағдайда, басқа жолаушылардың қолжүгі симайды. Ал қауіпсіздік ережелеріне сай үлкен нәрселерді қолда ұстап отыруға немесе дәлізде қалдыруға қатаң тыйым салынған). Сондықтан аспапты ұшақ бортына алып жүремін деген жолаушыларға бөлек орын алынуы тиісті екенін мәлімдейміз. Музыкалық аспапқа орынды билетті брондау кезінде сатып алуға болады. Болашақта тасымалдаудың барлық шарттарымен мұқият танысуды сұраймыз", - дейді әуекомпаниясының өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина