- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Айтарым бар". "Меломен"...
"Айтарым бар". "Меломен" тобының әншісі Ғабиттің бұрынғы әйелі неге жылағанын айтты
"Меломен" тобының әншісі Ғабит Бибасыұлының бұрынғы әйелі Нұрилла Ақберген "Айтарым бар" подкастында қонақта болып, өзін еріксіз жылатқан оқиғасымен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жанерке Сейфуллинаның YouTube-тағы "Айтарым бар" подкастында қонақ болған Нұрилла Ақбергеннен әуелі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы оқиғасымен соңғы кезде ғана бөлісуіне не түрткі болғанын сұрады.
"Ешқандай түрткі болған жоқ, екі жыл бұрын да бәрін бөлісіп жүргенмін. Мен зорлық-зомбылықта болған әйелдердің бірімін. Ол кезде бұл тақырып қазіргідей резонанс туғызған жоқ. Қазіргідей достары оны қолдаған жоқ. Халық әрі кетсе 3-4 күн шулады. Кейін басылып, ұмытылды", - деп жауап берді ол жүргізушінің сұрағына.
Подкастта Нұрилла Ақберген көзіне жас алдырған ерекше оқиғамен бөлісті.
"Бір қауым әйелдер бар менен кеңес сұрап жазатын. Қаншама қыздың хатын оқып жалғыз емес екенімді түсіндім. Осы подкастқа келмей тұрып бір сағат бұрын тамақтануға бардық. Сол кезде бір қыз жаныма келіп қолыма хат беріп кетті. "Нәзік әрі қайсар жанға" деп жазыпты. Сол кезде бір жылап алдым. Маған өмірде осындай да қолдау келіп жатыр", - деген Нұрилла хатты ашып оқып берді.
"Нұрилла, сәлеметсіз бе? Қалыңыз қалай? Барлығы жақсы шығар деп ойлаймын. Еш мұңаймаңыз. Осылайша сіз барша қиындық көрген, зорлық-зомбылық көрген әйелдердің жан айқайын айтып, оларға қолдау көрсетіп жатырсыз. Көптің қолынан келе бермейтін ерлік іс. Сіз мықты ана, әйел екеніңізге тағы да көзім жетті. Бар жақсыға, әлемнің бар кереметіне лайықсыз. Алла қорғаушыңыз, қолдаушыңыз болсын. Деніңіз сау, бақытты да баянды өмір нәсіп етсін Аллахым. Осындай қайтпас қайсар мінезіңізден талмаңыз. Оқырмандарыңыз сізбен бірге! Ас болсын. Сізді мазалағым келмеді. Күліп жүріңіз, сізге күлген сондай жарасады. Оқырманыңыз Гули", - деп жазыпты оқырманы.
"Бұл хатты оқып алып одан бетер жыладым. Мен өткенімді айту арқылы қазақ қыздары сондай қарым-қатынасқа түсіп қалмасыншы деген ниетім болатын", - деді Нұрилла Ақберген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина