Мәжіліс отырысында депутат Жигули Дайрабаев картоп мәселесін көтеріп, жұмысты дұрыс ұйымдастыруға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Осылайша, отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі құрылатыны айтылды.
Депутат Жигули Дайрабаев бұл заңды қолдайтынын, бірақ бірқатар мәселе бар екенін айтты.
"Тауарлардың шығарылған елін айқындау бойынша шекараға бекім болу керек. Бұл мәселелерді көп қарап жатырмыз. Біздің ҰҚК-ден бастап, полициясы бар, кеден бекеті бар - бәрі тексереді. Ол жерде бір-бірімен байланыс дұрыс болуы керек. Басқаға бармай-ақ қояйық. Азық-түлік мәселесінде осындай ретсіз кетіп жатқан жағдайлар бар", - деді депутат.
Сондай-ақ депутат тауар өндірушілерге еркіндік беру керек деген пікірде.
"Сертификат береміз, тізімге енгіземіз. Ол ең алдымен өнім өндіруі керек қой. Кәсіпкер жұмыс істеуі керек. Сертификатты беріп, тізімге тауар өндірушілерді тіркегенде, олардың тауарларын сатып алуды ұйымдастыруды да ойлау керек. Оны ешкім ойлап жатқан жоқ. Кешегі картоптың дүрбелеңін көріп жатырсыздар. 2 млн 900 мың тонна картоп өндірілді. Бізге толық жетеді. 100 келіден есептегенде 2 млн тоннадан жетеді, 900 мың тоннаны сатсын. Бізде ұйымдастырылған жұмыс жоқ. Сондықтан осындай нәрсеге жетіп отырмыз. Тауар өндірушілерді қолдау, солардың жұмысын ұйымдастыруды қолға алу керек. Айта берсе әңгіме көп", - деді Жигули Дайрабаев.
Қазақстанның түрлі өңірлерінде картоптың бағасы екі есеге дейін өсті. Ақтөбеде қаңтардың басында картоптың бір келісі 200 теңгеден аспаса, кейінгі аптада 388 теңгеге дейін көтерілді. Жетісуда баға 400 теңгеден асып кетті. Ең қымбат картоп Астанада сатылды, келісі - 455 теңге.
Кейінірек бұл мәселеге қатысты Үкімет мәлімдеме жасады.
Сауда және интеграция министрлігі де мәселе бақылауда екенін хабарлады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!