- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мәжіліс отырысы
“Айта-айта Жамал апам қартайды“. Депутат Базарбек Қошановтан сөз естіп қалды
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек пошта мәселесіне қатысты сұрақ қоямын деп Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан сөз естіп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың талабы
Депутат Бақытжан Базарбек "Қазпошта" жерді тексеру мәселесінде қалай кедергі келтіретінін айтты.
"Жер аманаты" республикалық жер комиссиясы аясында жерлерді тексеру, жерлерді алып қою, мемлекетке қайтару ісінде ең өзекті мәселенің бірі - пошта. Жерлерді тексерер алдында бір ай бұрын жерлердің иесіне хабарлама жіберіліп, ескертіледі. Бірақ қу бизнесмендер, соның ішінде алаяқтар, олигархтар поштаның хабарлама хатын алмауға тырысады, қашады. Өкінішке қарай, соның кесірінен жер ресурсын басқару департаментінің инспекторлары тексерісті аша алмай жатады. Поштаның кесірінен тексерісті аша алмай жатамыз. Салық органдарында, полицияда SMS хабарлама деген нәрсе бар. Жерді тексеру тәжірибесінде де SMS хабарлама арқылы тексерсек, осындай қиындықтарға ұшырамайтын едік", - деді ол.
Артынша Бақытжан Базарбек осы мәселені қайта көтерді.
"Қазақта "Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды" дейді ғой. Айта-айта қартаймасам да, қайталайын. Цифрлық министрлік, сіздерге миллиардтаған ақша бөлініп жатыр. Хабарламаны жердің тиісті меншік иелеріне сіздердің кесірлеріңізден бере алмай жатырмыз. Былай қарап тұрсақ, Президенттің тапсырмасын орындамау, Президенттің саясатына қарсы шығу деп есептеледі. Сондықтан сіздерге уақыт береміз. Жердің меншік иелеріне берілетін хабарлама электрон тұрғыда берілуге тиіс. ...1 айдың көлемінде орындаңыздар. Болмаса, цифрлық министрлік пен пошта қызметін Президенттің саясатына қарсы шықты деп есептеймін", - деді депутат.
Қошановтың реакциясы
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттың бұл мәлімдемесіне пікір білдірді.
"Бақытжан Базарбектің сөзіндегі министрлікті Президенттің саясатына қарсы деп айыптау - өте ауыр айыптау. Президенттің тапсырмасы толық орындалмады деп айтуға болар. Сондықтан сөйлеген кезде байқау керек", - деді Қошанов.
Айта кетейік, Мәжіліс отырысында "Пошта туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова