Айсұлтан Сейітов алғаш рет K-pop топқа клип түсірді

Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов оңтүстіккореялық LNGSHOT K-pop тобының Bananas әніне бейнебаян түсірді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Клип топтың YouTube арнасында жарияланды. Титрде Айсұлтан Сейітов туындының жалғыз режиссері ретінде көрсетілген.

«K-pop саласындағы дебютім. Оның LNGSHOT тобымен бірге жүзеге асқаны мен үшін үлкен мәртебе. Сенімдеріңізге, қуаттарыңызға және ортақ көзқарасымызға рақмет!» – деп жазды режиссер Instagram парақшасында.

Қазір бейнебаян YouTube желісінде 100 мыңға жуық қаралым жинаған.

LNGSHOT тобы туралы не белгілі?

LNGSHOT – төрт әншіден құралған оңтүстіккореялық K-pop тобы. Топтың атауы ағылшын тіліндегі Long Shot тіркесінің қысқартылған нұсқасы.

Ұжым құрамында:

OHYUL (Оюль);
RYUL (Рюль);
WOOJIN (Уджин);
LOUIS (Луи) бар.

Жуырда ғана дебют жасағанына қарамастан, топтың танымалдығы артып келеді. Spotify платформасында олардың ай сайынғы тыңдармандарының саны 4,3 миллионнан асқан. Ал ең танымал музыкалық бейнебаяны YouTube желісінде 64 миллион рет қаралған.

Айсұлтан Сейітов кім?

Айсұлтан Сейітов шетелдік танымал орындаушыларға түсірген бейнебаяндарымен белгілі. Ол бұған дейін 21 Savage және J. Cole секілді әртістермен жұмыс істеген.

Қазақстанда режиссер 2022 жылы жарық көрген «Қаш» тарихи драмасы арқылы да танылды.

Айсұлтанның бұған дейінгі жұмысы америкалық рэпер A$AP Rocky-дің Shroom Clouds әніне түсірілген клип еді. Бейнебаянның соңғы нұсқасында жасанды интеллект көмегімен жасалған кадрлар анықталып, дау туындаған. Видеорежиссер әрі визуалды эффектілер маманы Cache Bunny клип авторларын оның жұмыстарын рұқсатсыз пайдаланды деп айыптаған.