“Айрықша оқиға, тарихи сәт“. Президент Құрылтайдың бірінші сессиясын ашты

Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі.

"Баршаңызға бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылуы құтты болсын! Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз. Бүгін жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы - Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кіріседі. Бұл - мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз. Төл тарихымызға зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді.

"Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі. Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу - ерекше сәт. Бұл үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас. Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін!" - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!