Семейдің іргесінде тұратын халық қалаға қатынай алмай қалды. 60-қа жуық отбасы тұратын ауданның жолы жазда жөндеу үшін күрелген. Бірақ орнына жаңа асфальт төселмей, жұмыс аяқсыз қалған. Салдарынан толласыз жауған жауынан жер ми батпаққа айналды. Қазір тас талқаны шыққан жолмен жүрген көлік батып, адамдар жаяу да өте алмай қалған. Қоғамдық көліктің келуі саябырсып, тұрғындар жұмысқа, оқушылар мектепке бейнетпен барып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"18-қосалқы станция" аталатын ауданды қаламен байланыстыртын жолдың қазіргі сыйқы көңіл көншітпейді. Тұрғындардың, "асфальт төсейміз" деп жұмысты аяқсыз қалдырғандарға өкпелері қара қазандай. Ми батпақ жолмен жүруден шақырған, таксилер де бас тартатын көрінеді.
"Сәуір айында басталған. Содан бастап осы. Автобустар келмейміз деп кетті мына жолдармен. Айналдырған 1,5 шақырым жер. Мынау сұмдық қой. Әзер жүріп жатырмыз",- деді Семей қаласының тұрғыны Саят Оразханұлы.
Күре жолға жету үшін қазір жұрт аяқтарынан резеңке етік тастамайды. Мәселені айтпаған басшымыз, қақпаған есігіміз қалмады дейді тұрғындар.
"Мен өзім қазір сексен алтыдамын. Осыдан шығып, сонау жолға дейін жаяу барамын. Ешқандай көмек жоқ. Ауыл екен деп қарамайды. Келіп бәрін қарамай ма? Суың бар ма, отының бар ма деп. Жоқ олай емес. Әкімшілік өздерінің қамдарын ғана ойлайды",-деді Мәклимә Қараханова.
Ал жергілікті атқамінерлер жұрттың батпақ кешіп жүргенінен хабарсыз болып шықты. Тіпті жөндеу жоспарда да болмаған дейді жолға жауаптылар. Анықталғандай үлкен көшені елді мекенде орналасқан компания өз қаржыларына жаңалаймыз деп қопарып тастаған көрінеді.
"КЕГОК фирмасы жол жөңдеу жұмыстарына өздері тендер өткізіп, асфальт салу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Бастап кетіпті. Бұл жұмыстар әкімдікпен келісілмеген", - деді Семей қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары Әділбек Увасилов.
Енді асфальтті өздігінен күреп тастаған компания екі күннің ішінде оны қайта қалпына келтіруге міндеттеліп отыр. Жауаптылар жақын арада бәрі ретке келеді деп халықты сабырға шақыруда.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!