- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Айнала қып-қызыл қан"....
"Айнала қып-қызыл қан". Алматыда аулада ішімдік ішкендер бөтелкелесін өлтірген
Алматының балалар алаңқайында 35 жастағы ер адамды пышақтап өлтірген жігіт оның жақын танысы болып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, екеуі де Түркістан облысының тумасы әрі құрылыста бірге жұмыс істепті. Сыра ішіп отырып жерлесінің өмірін бір соққымен үзген 22 жастағы күдікті кемі 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жаға ұстатар оқиға күні кеше, 15 наурызда түнгі 12 шамасында балалар алаңында болды. Айнала қып-қызыл қан. Отыратын орындықта да, жерде де қан іздері жатыр. Ал пышақталған ер адамның денесі балалар алаңынан табылған.
Самал-3 шағынауданының тұрғындары шу мен артық дауысты естімеген. Бірақ дәл сол уақытта екі адам емес, бір топ жігіттердің осы алаңда ішімдік ішіп отырғанын байқапты.
"Мен өзім екінші қабатта тұрамын. Түнгі сағат 23.30-00.00-дерде осы жерде 7 адам ішімдік ішіп отырғанын көрдім. Бір кезде үйіміздің жанынан тап-тұйнақтай киінген бір ер адам өтті. Ол да кішкене мас сияқты. Дәл соны өлтіріп кеткенін артынан білдім. Бірақ ешқандай айқай-шу естімедім. Түнде полицейлердің дабылы маза бермегесін, терезеден қарасам, талдардың астында сол кісі жатыр екен. Денесінің бәрі пышақталған", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Карина Құлмұрзаева.
Полицейлер күдіктіні ізін суытпай, бірден құрықтаған. Сөйтсе, екеуі жерлес екен. Сыра ішіп отырып жанжалдасып қалыпты. Соңында танысының кеуде тұсына пышақпен бір соққы берген. Ал қасындағылардың қылмысқа қаншалықты қатысы барын тергеу анықтайды.
"Алдын ала мәлімет бойынша екі азамат қаламыздағы құрылыс нысандарының бірінде жұмыс істейді. Кеше жалақысын алғаннан кейін екеуі спирттік ішімдік ішіп, осындай қайғылы оқиғаға душар болды. Қазір Қылмыстық кодекстің 99-бабының нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды", - дейді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Бөтелкелесін өлтірген 22 жастағы күдікті қазір қамауда отыр. Ол өз кінәсін толық мойындапты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина