- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Аймақ басшысы Қазалы...
Аймақ басшысы Қазалы ауданындағы орман тұқымбағының құрылысымен танысты
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Экология және табиғи ресурстар Бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиевпен бірге Қазалы қаласындағы тұрақты орман тұқымбағының құрылысымен танысты.
Нысан құрылысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тапсырысымен жүргізіліп жатыр. "Еңбек" ЖШС мердігерлігімен жүзеге асырылып жатқан жобаның құны 518,6 млн.теңгені құрайды. Жұмыс 2023 жылдың қыркүйек айында басталған, шілде айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Тұқымбақтың аумағы - 33 гектар. Мұнда көшеттер егіліп, Аралдың кепкен табанында атқарылатын жұмыстарға сексеуіл, басқа да өскіндер дайындалады. Көшеттерді суаруда арнайы технология қолданылады.
Құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы және лауазымды тұлғалар тұқымбақ аумағында сексеуіл көшеттерін отырғызды.
Іссапар барысында Экология және табиғи ресурстар Бірінші вице-министріне бірқатар өзекті мәселелер жеткізілді. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын өсіру, өртті ерте анықтайтын құрылғы сатып алу, өзге де маңызды түйткілдер айтылды.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Абай облысындағы орман өртін жою және орман шаруашылығы ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері талқыланған жиналыста бірқатар тапсырма берілген болатын. Олар – орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, материалдық қамтамасыз етілуіне толық түгендеу жүргізу, тиісті бюджеттік өтінімдер дайындау және жіберу, пилотсыз ұшу аппараттарын сатып алу, өртті ерте анықтау жүйелерін орнату үшін қажетті шаралар қабылдау, т.б. Осы орайда облыс әкімінің тапсырмасымен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен 1,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі – 7 млн. гектар, оның 3,8 млн. гектары – орманды алқаптар. Қызылорда орман шаруашылығы мекемесіне қарасты жер көлемі – 838 022 гектар, оның ішінде орманды жер – 707 613 гектар. Мекеме өрттің алдын алу, дер кезінде байқап, жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады. Мемлекеттік орман қоры аумағындағы жұмысшылардың, онда орналасқан ұйымдардың, жеке тұлғалардың өрт қауіпсіздігі, санитарлық ережелерді сақтауын қамтамасыз етеді. Қызылорда орман шаруашылығы мекемесіне шөлді сексеуілді және тоғайлы аумақтар тиесілі. Шөлді аймақтың климаты күрт континентальды, жазы өте ыстық, температура + 48, оның үстіне құрғақ болғандықтан, өрт қаупі жоғары. Аумақ өте жоғары табиғи өрт қаупі класына жатады.
Осы орайда, "Ақтөбе" және "Тартоғай" орманшылығына өртті ерте анықтайтын 2 құрылғы сатып алуға республикалық бюджеттен 552,2 млн. теңге бөлу мәселесі көтерілді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал
А. Жапатова