Аймағамбетов дәрі-дәрмек пен тауарлар қымбаттауы мүмкін екенін айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Салық кодексі жобасында бірқатар қолайсыз норма барын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Салық кодексі талқыланып жатыр

Асхат Аймағамбетов Салық кодексінің жобасы талқыланып жатқанын айтты. Депутат жобада азаматтар үшін қолайсыз бірқатар норма бар екенін ескертті. 

Депутаттың айтуынша, мына нормалар өмірлік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкелуі мүмкін:

1. Білім. Корпоративтік салықты енгізу жекеменшік университеттердің, мектептер мен балабақшалардың бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Кәсіпкер өз пайдасын қайтсе де сақтап қалуға тырысады, сондықтан жаңа салық енгізілсе, ол қызметтің құнын өсіру арқылы шешімін табуы әбден ықтимал.

2. Дәрі-дәрмектер. Дәрі-дәрмектер мен олардың өндірісіне қажетті материалдарды ҚҚС (НДС) төлеуден босатылған тауарлар тізімінен алып тастау олардың қымбаттауына алып келеді. Бұл әсіресе тұрақты медициналық қолдауды қажет ететін азаматтарға ауыр тиеді. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға бұл қиындық тудыруы мүмкін.

3. Медициналық қызметтердің қымбаттауы. Медициналық қызметтерге ҚҚС енгізу олардың қымбаттауына алып келуі мүмкін.

Асхат Аймағамбетов бұл кодекс қарапайым халыққа қосымша қаржылық жүктеме әкелмеуі үшін қажетті түзетулерді ұсынғанын айтты.

Салық кодексі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық кодексін тағы бір жыл талқылауды ұсынды. 

"Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырамын. Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын.

Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек", - деді Тоқаев. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!