Алматыда "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер қозғалысының жас қатысушысы Ақжол Нұрланұлына құрмет көрсетілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін 8-сынып оқушысы Ақжол Герой қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен "Ел қорғаны" медалімен марапатталды. Қас қағым сәтте батыл әрекетке барған батыр бала адам толы автобусты апаттан аман алып қалған. Оқиға 22 қарашада Өтеген батыр қалашығында болған еді. Ақжол Герой бұл жағдайды былай еске алды.
"Жеңгем екеуіміз емханаға барған едік. Сол жақтан қайтарда 219-автобусқа отырдық. Қайтып келе жатқанда кенеттен жүргізуші газды басқан күйі артқа қарай талып қалды. Оны ең бірінші жеңгем байқап қалып маған бар деді. Автобустың ішіндегі адамдар абыр-сабыр. Мен біреудің үйіне жақындап қалғанын көріп лезде жүргізушінің аяғын газдан алып, тежегішті басып қол тежегішті тарттым. Автобус өзінен өзі өшіп қалды. Есігін ашып адамдарды сыртқа шығардым. Ішінде 25-ке тарта адам болды. Арасында кішкентай мектеп оқушылары мен үлкен кісілер бар. Айқайлап жылап жатты", - дейді батыр бала.
Ал болған жағдайды әлеуметтік желі арқылы білген Ақжолдың анасы алғаш естігенде аяқ-қолы дірілдеп қалғанын жеткізді. Жеті баланың анасы Гүлнұр Дәулетова Ақжол бала кезден жауапкершілгі мол болатын дейді.
"Жеті балам бар. Ақжол тұңғышым. Ақжол өзі туған кезінен бастап мінезі тұйықтау болды. Артынан ерген іні-қарындастарына қамқор болып жүретін. Әр нәрсеге жауапкершілікпен қарайтын. Біздің айтқан әрбір тапсырмамызды ұқыпты орындайды. Өз ісіне, өз заттарына тиянақты, жауапкершілікті өте қатты сезінетін бала. Отбасылық ватсап группаға менің абысыным: Ақжол өмірімді құтқарып қалды, - деп жазды. Бір кісілер автобусқа секіріп мінді деді. Алғаш естігенде ішім алай-дүлей болып аяқ-қолым дірілдеп ешкімге хабарласа алмадым", - дейді Ақжолдың анасы Гүлнұр Дәулетова.
Қарасу 2-ден Қарасу 1-ге бара жатқан кезде жүрек талмасына ұшыраған жүргізушінің аяғын газдан алып, техниканың тілін таба кетуі де бекер емес. Өйткені Ақжолдың әкесі ұлының бала күнінен көлікке құмар екенін жасырмады.
"Бала күнінен техникаға әуес еді. Оқта-текте ауыл ішінде көлік жүргізіп көргені бар. Көлік жөндегенде үнемі жанымда жүріп көмектеседі. Үлкендерге қолғабыс болғанды жақсы көреді. Бұл оқиғаны алғаш ватсап группалардан естідік. Алғашында қорқыныш болды", - дейді Ақжолдың папасы Нұрлан Әбенов.
Батыр балаға көрсетілген құрмет те аз емес. Қарасу ауданы әкімдігі ноутбук сыйласа, облыс әкімдігі iphone телефонын тарту етіпті. Ал батыр бала бүгінде Қорғаныс министрінің бұйрығымен "Ел қорғаны" марапатына ие болды.
Ақжолдың анасы ұлының әскери адам болғанын қаламайды екен. Ал батыр бала атасының жолын жалғап ел қорғайтын азамат болсам дейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!