«Ел арна» телеарнасының бұрынғы директоры, жаңалықтар мен арнайы бағдарламалар жүргізушісі, диктор, продюсер Айгүл Мүкей өткен жылдың наурыз айында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің басшысы болып тағайындалған болатын.
Қызметтік жолын Ақмола облысында «Эфир» телекомпаниясының редакторы, жүргізушісі болып бастаған ол «Хабар» Агенттігі» АҚ директоры, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы болып, бүгінде маркетинг және өрлеу департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды.
«Біз Сергей Куяновпен 15 жылдан бері таныспыз, өте жақсы араласамыз. Ол – өз ісінің шебері, осы қызметке тағайындалғанына қуаныштымын. Мен маркетинг және өрлеу департаменті директорының орынбасары болдым, біздің бөлім Қазақстанға келуші туристерді көптеп тартумен айналысады. «Экспо-2017» көрмесі өтетін 93 күнде біз департаменттің PR жұмыстарын қауырт жүргіземіз», - деді Айгүл Мүкей.
Белгілі тележүргізуші теледидар саласынан алыстамағанын, алдағы уақытта диалогтық жанрдағы жобамен қайта оралуы мүмкін екенін және өзін радиода да байқап көргісі келетінін жеткізді.