- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әйелін ұрып, қолын...
Әйелін ұрып, қолын кескен: "Бишімбаевтың жолын қуа жаздаған" қандай шенеуніктер бар?
Экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген ауыр айыппен қамауға алынды. Бұл жайт тек қазақстандықтарды емес, шетелдіктерді де дүр сілкінтті. Қазір жұрт сот отырысын жіті қадағалап отыр.
Massaget.kz тілшісі зорлық-зомбылық тақырыбында есімі аталған тағы қандай шенеуніктер барына шолу жасады.
Былтыр қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталды.
"Сыбайлас жемқорлыққа байланысты жазасын өтеген бұрынғы шенеунік мас күйде әйелін мейрамханада ұрып-соққан", - деп жазды сол кезде арналар.
Бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев 2018 жылғы наурызда да 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін экс-шенеунік тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.
Ал жуырда Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың басы дауға қалды. Әлеуметтік желіде орынбасардың әйелді зорлағаны туралы ақпарат тарады.
primeminister.kz
Артынша Павлодар облысы әкімдігі өкілдері бұл іске қатысты пікір білдірді. Алайда олар мұндай дерек расталмағанын жеткізді. Сонымен қатар, керісінше зардап шеккен шенеунік екені айтылды.
"Әкімнің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов денсаулығына байланысты биыл 8 қаңтардан бастап еңбек демалысында. Бізге жеткен мәлімет бойынша Павлодар облысының полиция департаменті Серік Батырғожиновтың арызы бойынша бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Зардап шеккен тарап - Серік Батырғожинов.
Тергеу амалдары жүргізілді, айыпталушы тараптың қорғауында көрсеткен деректер тексерілді, деректер расталған жоқ. Бүгінде іс сотқа жіберілді. Бұл іс бойынша егжей-тегжейлі ақпаратты процеске қатысушылардан алуға болады, өйткені бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатпайды", - деп жазылған еді жауапта.
Сонымен қатар, бұған дейін Жетісу облысында әйелін ұрған шенеунікке қатысты ақпарат тараған еді.
Желідегі ақпаратқа сүйенсек, Жомарт Қаратас 2020 жылы Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген кезінде телефон қуаттағышының сымымен әйелін ұрып, қолын ас үй пышағымен кескен, ал кейін оның әйелі құзырлы органдарға арыз жазған. Артынша шенеунік кешірім сұрап, іс тоқтаған.
tekeli_tynysy/instagram
Кейін Қазнетте Жомарт Қаратас Жетісу облысында тағы бір жаңа қызметке тағайындалғаны туралы ақпарат тарады.
"Конкурсқа үміткер ретінде Қаратас Жомарт Мандатұлы құжаттарын тапсырды. Қаратас Жомарт Мандатұлы азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасу бойынша конкурстық комиссия отырысының шешімімен 2023 жылғы 22 қыркүйектен бастап 3 ай сынақ мерзімімен Жетісу облысының халық шығармашылығы орталығының директоры лауазымына тағайындалды. Бұл лауазымға тағайындалуға қолданыстағы Еңбек заңнамаларына сәйкес кедергілер анықталған жоқ", - деп жауап берді сол кезде ведомство өкілдері.
Айта кетейік, Жомарт Қаратас 2017 жылы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филормониясының бас әкімшісі қызметін атқарған; 2017-2018 жылдары "Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры" МКҚК директорының орынбасары; 2019-2020 жылдары "Алматы облысы жастар саясаты мәселелері" басқармасының басшысы болған.
Жақында әлеуметтік желіде Алматыда тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында ер адам бұрынғы әйелін аяусыз ұрып-соққаны көрінетін видео тарап кетті. Ал ашық дереккөз мәліметтерінде бұл адам - экс-полицей екені айтылып жүр.
Желіде тараған кадрда ер адам әйелдің телефонын сындырып, содан кейін оны ұрады. Жазба авторы жәбірленуші әйелдің есімі Салтанат екенін жазған. Әйел 11 жылдық некеден кейін ажырасуға шешім қабылдап, балаларын алып, Тараздан Алматыға көшіп келген. Алайда автордың айтуынша, қазір бұрынғы күйеуі келіп, оны аңдып, мәжбүрлеп қайтаруға тырысып жатыр.
Алматы қалалық Полиция департаменті мәліметінше, бұрынғы әйеліне дене жарақатын салған ер адам ұсталған.
"Ұрғаны және бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіргені үшін ол сот шешімімен 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, айыппұл салынды", - деп жауап берді департамент өкілі Massaget.kz-ке.
adyrna.kz мәліметінше, былтыр Президенттің бұрынғы кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтың әйелі Мөлдір Қабылова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, көмек сұраған.
Оның айтуынша, 2022 жылы қаңтарда ажырасуға шешім қабылдаған. Ал наурызда Олжас Құдайбергенов кәмелетке толмаған балаларын анасынан айырып, Ұлыбританиядан алып кетпек болған.
"Ұлыбритания полициясы оны әуежайда ұстап, балаларды анасына қайтарған. Ұлыбританияның әлеуметтік қызметі Мөлдірді балаларымен бірге баспанасыздарға арналған үйге орналастырған. Қабылова ұзақ уақыт бойы ешқайда шағымданбаған көрінеді. Бірақ 2022 жылы наурыздан бастап оған күйеуі, Президенттің бұрынғы көмекшісі Олжас Құдайбергенов қысым көрсетіп келген", - деп жазылған мәліметте.
"Олжас жалға алынған үйдің ақшасын төлеуден бас тартты. Төрт баламмен далада қалдым. Әкем оның әрекетіне ашуланып, одан әкелік міндеттерін орындауды, оқу жылына дейін жалға алынған пәтердің ақысын төлеп беруді талап етті. Бірақ ол әкемнің үстінен "бопсалады "деген айыппен арыз жазған", - деген әйел.
"НеМолчиKZ" қоры Құдайбергеновтың әйеліне қойған талабын да жариялады. Олжас Құдайбергенов әйеліне үйге келетін әрбір адамды тек өзінің рұқсатымен шақыруын, қонаққа бармауын, "өмір бойы белгілі бір адамдармен" араласпауын, әрі қайын атасы айтқан сөздері мен әрекеті үшін өзінен кешірім сұрауын талап еткен. Олжас Құдайбергенов Ұлттық экономика министрлігі жанындағы басқарушы кеңестің төрағасы қызметін атқарған.
Ал Мәжілісте депутат Анас Баққожаев "отбасындағы жанжал тілі ұзын әйелден шығады, сондықтан ерлерді де түсіну керек" деп мәлімдеп, оның арты дауға ұласты.
"Еркектің ең сорлысы ғана әйелге қол көтереді. Дегенмен ұрыстың барлығы ұрудан шықпайды ғой. Алайда ерлерді де түсінуіміз керек. Жанжал неден туындайды? Әрине, әйелдің тілінің ұзын болуынан. Мені әйелдер кешірсін. Бірақ ондай да фактілер бар. Қазақта "Жақсы әйел ырыс, жаман әйел ұрыс" немесе "Ерге жаққан әйел елге де жағады" дейді. Біз қазақы тәрбиеден алшақтап бара жатырмыз", - деді депутат.
Кейін ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың даулы мәлімдемесіне қатысты ойын айтты.
"Оның (Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев) ұстанымын тыңдап ескердік... Ол өмірде болған жағдайды немесе нақты бір (адамды) айтқан болуы мүмкін", - деді Игорь Лепеха Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Айта кетейік, Баққожаевтың әріптесі әрі танымал спортшы Дәулет Тұрлыхановтың інісі де әйелін ұрды деп, ал балалары қыз ұрды деп бастары дауға қалған еді.
Әнші Рахат Тұрлыханов қамауға алынды
Еске салайық, бұған дейін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы мен ілеспе құжатты екінші оқылымда мақұлдады.
Заңның мақсаты - әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Енді тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысы барларды ауыр жаза күтеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова