2024 жылы біраз шенеунік сотталып кетті. Massaget.kz тілшісі былтыр сотталғандарға шолу жасап шықты.
Жыр болған LRT ісі
Астана LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты сот үкімі шықты. Сотталушыға халықаралық іздеу жарияланғандықтан, сот оның қатысуынсыз, яғни сырттай қаралды. Талғат Ардан мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Талғат Арданнан City transportation systems ЖШС пайдасына 85 миллиард теңгеден аса материалдық шығын өндірілді.
lrt.kz
Талғат Ардан не үшін сотталды?
2016 жылғы 22 желтоқсанда LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан лауазымдық өкілетін теріс пайдаланып, LRT құрылыс жобасы бойынша Қытайдың мемлекеттік даму банкінен сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 миллион АҚШ долларын заңсыз сұратқан. Қаражат түскен сәттен бастап жоба бойынша пайдаланылмаған. Сонымен қатар City transportation systems ЖШС-на 85 миллиард теңгеден аса шығын келтірілген.
Назарбаевтың немере інісінің ісі
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші экс-орынбасары Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде сотталды. Оның генерал атағы мен мемлекеттік марапаттары алынды.
gov.kz
Самат Әбіш не үшін сотталды?
Самат Әбіштің үстінен Қылмыстық кодексі 362-бабы 4-бөлігі бойынша ("Билікті немесе лауазымды өкілеттіктерді асыра пайдалану") қылмыстық іс қозғалған болатын. Ол 2022 жылғы қаңтарға дейін ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Назарбаевтар әулетінің тағы бір өкілінің ісі
Биыл тамызда сот экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлының түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына (3 жыл 3 ай) ауыстырды.
©️ Tengrinews.kz
Қайрат Сатыбалдыұлы не үшін сотталды?
Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылғы наурызда қамауға алынды. Ол "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталып, түрмеге қамалған еді. Сот оның мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте, ұлттық компанияларда қызмет атқару құқығынан айырды. Кейін Сатыбалдыұлының Шығыс Қазақстан облысындағы колонияда жазасын өтейтіні белгілі болды. Алайда бұған дейін айтқанымыздай, кейінірек сот үкімі өзгерді.
Жыл соты
Биыл әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотталды. Сот процесі 2024 жылы наурызда басталды. Бұл оқиға көпшіліктің назарын аударды. Сот отырысын бүкіл қазақстандық тікелей эфирден бақылады. Қуандық Бишімбаев 2024 жылы 13 мамырда асқан қатыгездікпен кісі өлтіргені және азаптағаны үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
©️ Tengrinews.kz
Бишімбаев не үшін сотталды?
2023 жылы 8 қарашада кешке Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова Дима Биланның Астанадағы концертіне барған. Концерт кезінде олардың арасында жанжал шығып, концерт аяқталмай жатып, Бишімбаевтың туысына тиесілі Bau мейрамханасына барған. Онда жанжал жалғасып, физикалық күш көрсетуге ұласқан. Іс материалдарына сәйкес, Бишімбаев Нүкенованы қорлап, сыйлықтарын және сатып алып берген киімдерін айта бастаған. Бұған жауап ретінде Салтанат зергерлік бұйымдар мен киімдерін шешіп тастап, ішкиіммен қалған, бұл Бишімбаевты одан әрі ашуландырған. Бишімбаев Нүкеноваға былапыт сөздер айтып, басын, денесін ұрған. Салтанат дәретханада тығылуға тырысқан, бірақ Бишімбаев есікті қағып, әрекетін жалғастырған. Бір кезде оның тамағынан ұстап алып, тұншықтыра бастаған, кейін Нүкенова есінен танып қалған. Осыдан кейін ол Нүкенованы VIP залдың еденіне жатқызып, өзі жанына ұйықтап қалған. Бейнебақылау камераларына түсірілген бұл оқиға экс-министрге қатысты сотта көрсетілді.
2023 жылы 9 қарашада таңертең Bau мейрамханасына жедел жәрдем шақырылған. Бұл кезде Салтанат Нүкенова қайтыс болған. Оның денесінен соққының іздері табылды.
"ҚазАвтоЖол" басшысы не үшін сотталды?
Жуырда "ҚазАвтоЖол" басқармасының бұрынғы төрағасы Асқар Мұратұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды, оған қоса мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет атқара алмайды.
qaj.kz
Сот Асқар Мұратұлы мен кәсіпкерді алдын ала сөз байласу арқылы қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемденді және жымқырды (Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы) деп айыптады. Айыпталушылар кінәсін мойындамады, өздерін ақтауды сұрады.
ТЖМ вице-министрі үй салғызамын деп сотталып кетті
Бұрынғы төтенше жағдайлар министрлігінің бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев 5 жылға сотталды. Мәліметке сүйенсек, ол үйін салу үшін құзыретін асыра пайдаланған.
primeminister.kz
Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Сондай-ақ генерал-майор әскери атағынан айырылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова