- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әйелін жұмысқа алып,...
"Әйелін жұмысқа алып, сыйақы берген". "Алтын Емел" директорына экс-қызметкерлері айып тақты
Мемлекет меншігіндегі қонақүйді өз шаңырағына айналдырып, қол астындағы қызметкерлерінің жалақысын қалтасына басып жүр ме? Әйгілі "Алтын Емел" ұлттық табиғи паркінің директорына бұрынғы қызметкерлері осындай айып тақты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, жаңа келген басшы паркке бөлінетін бюджет қаражатын оңды-солды шашып жүр. "Қорықта жұмыс істемейтін, бірақ айлықпен қоса сыйақының да бірін жібермейтін адамдар бар" - дейді шағымданушы тарап. Мұның бәрін жіпке тізіп, құзырлы органдарға арыз да жазыпты. Бұл жолы да жалаң сөз болмасын деп, бірнеше құжаттың көшірмесін алып келген. Ал басшылықтың бәріне жауабы дайын. Өзімен қыруар қаражаттың есебі жазылған қағаздарды көтеріп келген бұрынғы қызметкерлердің директорға айтары да, сұрағы да көп. Мәселен, 300 мың гектардан аса аумақтағы "Алтын Емел" ұлттық паркінде қызметкерлерге арналған үйшіктер бар. Сол ғимараттарды жөндеуге миллиондар бөлінсе де, кем-кетігі әлі реттелмеді деп отыр. Сондай-ақ, паркте жұмыс істемей, жалақы алып отырғандар бар дейді олар.
"Өзінің әйелін кәдімгі инспектор етіп кіргізіп, сыйақы жазып берген. Ал ол кісі өзі Талғарда тұрады. Жұмыс істемейді. Ай сайын 300 мыңдай жалақы алып отырады. Асхат Төргезиевич деген, Талғарда тұрады. Осы кісінің үйін қадағалайды, қарайды. Бірақ осы жақтан ақша алады. Директордың үйіндегі шаруасын істейді", - дейді Ұлттық парктің бұрынғы қызметкері Дархан Смағұл.
"Ол аздай, қызметкерлерге сыйақы бергенде де шикіліктер жетерлік" - дейді наразы тарап.
"2022 жылы 12 желтоқсанда бәрімізге сыйақы берді. Сол кезде 16 мыңнан берді. Ал бастықтың өз адамдарына 250 мыңнан берді. Соның ішінде Беделбаев Болат деген бар. Ол кісінің еңбек өтілі үш айға да толмаған. Ол кісіге де жазып берген. Өзімнің естігенім, "50 мыңды өзіңе аласың, 200 мыңды маған лақтырасың" деген", - дейді Ұлттық парктің бұрынғы қызметкері Дархан Смағұл.
Ұлттық парктің екі қабатты қонақүйі бар. Негізі ол жерде алыстан келген саяхатшылар мен туристер жатуы керек. Алайда директор бұл ғимаратты жеке бас пайдасына қолданып жүр екен.
"Ол жерде даяшы, тазалаушы ұстайды. Оған жеке штат. Оның электр шығыны бар. Соның бәрі директорға қызмет істейді дегенге келіп тұр. Біз салық төлеуші есебінен ұстап отырмыз, Байтұрбаев Қуат Мұратұлы мырзамызды. Бұл енді заңды ма, заңсыз ба? Бұған неге тексеру жүргізілмейді?! Комитет тарапынан не қарап отыр?!", - дейді Ұлттық парктің бұрынғы қызметкері Ардақ Байжұмаев.
"Алтын Емел" ұлттық паркі негізінде азайып бара жатқан әрі сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтап қалу үшін құрылған. Бірақ парк қызметкерлері оған басын қатыра бермейтін көрінеді. Нәжісті далаға төгіп жатыр.
Бұрынғы жұмысшылардың айтуынша, Ұлттық парктің қонақүйі мен дәмханасынан шығатын нәжіс суы мына жерге төгілетін еді. Мынаны қараңыз, әбден лайланып біткен. Былайша айтқанда, нәжіс айдалада жатыр. Отыру мүмкін емес. Ал төңіректе бірнеше бастау, бұлақтар бар екен. Тұрғындар сол таза судың бәрі лайланып бітті деп отыр.
Ал ұлттық парк директорының бәріне жауабы дайын. Сырқаттанып қалса да, құжат бойынша бәрін айту үшін жұмысқа арнайы шығыпты.
"Үкіметтен ақша бөлінген жоқ. Бөлінбегеннен кейін, біз жөндеу жасаған жоқпыз. Бұзушылық актісін жасап қойғанбыз. Контор, қонақүй мен қабылдаған кезде істемеді,құбыры кесіліп тасталған болатын. Көріңіз, жөндеу жасалған. Екі ғимратты 14 миллионға жасадық.
Өзіңіз қазір қай жерде тұрып жатырсыз?
Мен өзім қазір қонақүйде тұрып жатырмын. Қазір оны көрсетеміз. Үкімет пәтер берген жоқ".
Телеарна тілшілері жататын жерін көрді.
"Батареясы жоқ қуықтай ғана бөлмеде қыстап шығамын" - дейді. Ал әйелі мен басқа да жақындары жұмыс істемесе де, жалақы алып отыр деген әңгімені директор жоққа шығарды. Айтылған деректердің рас-өтірігін енді құзырлы министрліктің аудиторлары анықтауға тиіс. Өйткені экс-қызметкерлердің бәрін құжаттап, жазған арызы бойынша ұлттық паркте тексеру жүріп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина