“Әйелін жиі ұратын“: өртелген полицейге қатысты тың дерек айтылды

Алматы Әуезов аудандық полиция бөлімінің аға детективі Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тың мәліметтер пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Время басылымына сілтеме жасап.

Редакция мәліметінше, Қазақстан полициясы күні қарсаңында майор Альсеров қызметтен үйіне кеш оралған. Оның сол кезде ішімдік ішіп-ішпегені немесе кәсіби мерекені атап өткен-өтпегені әзірге нақты белгісіз. Алайда үйде жанжал шыққан. Оған Асланның таба алмай қойған ұстарасы себеп болған көрінеді. Болмашы нәрседен басталған сөз таласы кейін төбелеске ұласқан.

Марқұмның әйелі де полиция қызметкері екен. Полицейлер арасында Аслан бұған дейін де әйеліне бірнеше рет қол көтерген болуы мүмкін деген әңгіме айтылып жүр. Олардың айтуынша, әйел Бостандық аудандық полиция басқармасына бірнеше мәрте денесінде соққы іздерімен келген. Алайда басшылық мұны не отбасылық жанжалға араласқысы келмегендіктен, не полиция ішіндегі мәселені сыртқа шығармау үшін елемегендей жүрген. 

Көпбалалы ананы өз ведомствосы қорғай алмаған. Биыл ақпанда басшылық Арайлым Альсеровадан өз еркімен жұмыстан кету туралы рапорт жазу сұралған.

Қылмыстың мән-жайына келсек, болжам бойынша, сол түні Арайлым қатты айқайлаған. Дауысты естіген соң оның 15 жастағы екі ұлы мен сол күні полиция қызметкерлерінің үйінде қонақта болған 14 жастағы досы жүгіріп келген. Ұлдарының бірі әкесінің басын қатты доғал затпен ұрған болуы мүмкін, нақты немен ұрғанын тергеу әлі анықтаған жоқ.

Болжам бойынша, әйел есінен танып қалған отағасын кір жаятын жіппен байлап, оның тынысы тоқтағанша күткен. Кейін түн қараңғысында Арайлым, оның ұлдары және кәмелетке толмаған досы мәйітті көпқабатты үйдің маңында тұрған көлікке жеткізген болуы мүмкін. Мәйіт алдын ала көрпеге немесе жаймаға оралған болуы ықтимал.

Таңға жақын көлік Алматы облысы Кеген ауданындағы ауылдардың бірінің маңынан өткен. Көкпек – Көктал – Кеген тасжолынан шамамен жарты шақырымдай тауға қарай бұрылған соң, анасы мен ұлдары Асланның мәйітін түсіріп, үстіне бензин құйып, өртеген деген болжам бар. Альсеровтің сүйегін мал іздеп тауға шыққан жергілікті бақташы тауып алып, полиция шақырған.

Арайлым Альсерова, оның екі ұлы және 14 жастағы жасөспірім Алматы облысы Талғар аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айта кетейік, қаза тапқан Аслан Альсеров полиция қызметіне шамамен 10 жыл бұрын келген. Ол СОБР қатарында да қызмет еткен. Ал былтыр тамызда Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі қызметіне тағайындалған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!