Түркістан облысында әйелін балаларының көзінше ұрып өлтірген күдіктіге қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
Сотталушыға облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім оқылды. Сот отырысында ер кісі әйелінің 5 жыл бұрынғы сатқындығы есіне түсіп, оны ашу үстінде қызғаныштан қолымен ұрып, аяғымен тепкенін және бұл қылмысқа барған кезде спирттік ішімдік ішіп отырғанын айтқан.
Жас балаларының көзінше болған оқиғадан 35 жастағы келіншек жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.
"Сот-медициналық сараптаманың қорытындыларымен сотталушының кінәсі дәлелденді. Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 5-тармағы (Аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада.
Сотталушы жазасын қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.