Әйелін балаларымен үйінен қуып шыққан Марат Әйтенов 5 тәулікке қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ӘҚБтК-нің 73 - бабының 1-бөлігі бойынша құқық бұзушыға қатысты іс қаралды.
Істің мән-жайы бойынша, құқық бұзушы Әйтенов үйдегі отбасылық жанжал кезінде бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оның атына дөрекі сөйлеген. Осылайша оған құрмет көрсетпей, басқа адамдардың тыныштығын бұзған.
Сот отырысы барысында Әйтенов өз кінәсін мойындамаған. Ол бұрынғы жұбайы оның өтініші бойынша балаларын беруден бас тартып, олардың қолдарынан ұстап жібермегенін айтқан.
Ол балаларды әкету үшін еденде отырған әйелінің аяқтарынан тартқан. Ол әдепсіз сөз айтпағанын, оны ұрмағанын атап өтті.
Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы күйеуі оны көшіру кезінде заңсыз жүріп, оған шабуыл жасап, денесіне зақым келтірген.
Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен, жәбірленушінің түсіндірмелерімен расталады.
ӘҚБтК-нің 73 - бабының 1-бөлігінің санкциясы ескертуді немесе 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды көздейді.
️ Жоғарыда келтірілген мән-жайларды, сондай-ақ жұртшылыққа теріс әсер ететін және жеке адамның құқықтарына қол сұғатын жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып, құқық бұзушы ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған жаза тағайындалып, 5 тәулікке қамауға алынды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!