Әйелін 10 жылдан аса ұрып-соғып келген қазақстандық дипломат 7 жылға сотталмақ

Бұрынғы дипломаттың ұзақ жылдар бойы әйеліне зорлық-зомбылық көрсеткені үшін нақты түрме жазасына кесілуі мүмкін. Бұл туралы зардап шегуші Карина Мамаштың адвокаты Бибінұр Мұратова мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жетінші арнаға сілтеме жасап.

“Қазір күдіктіге ресми түрде айып тағылып, іс сотқа жолданды. Сот әділ шешім шығарады деп сенеміз,” – деді адвокат Бибінұр Мұратова.

Адвокаттың айтуынша, екі баланың анасы Карина Мамаш күйеуінің қорлығына 10 жылдан астам уақыт шыдап келген. Тергеу толық аяқталып, іс сотқа жолданды. Енді экс-дипломат Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі ("Азаптау") бойынша жауапқа тартылады. Аталған бап бойынша айыпталушы 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Карина Мамаш бұрынғы күйеуінің қолынан көрген зорлық-зомбылық туралы өткен жылы ашық мәлімдеген. Оның айтуынша, экс-дипломат оған психологиялық және физикалық қысым көрсетіп, бірнеше рет ұрып-соққан. Оқиға қоғамда кеңінен талқыланып, құқық қорғау органдары істі тергеуге алды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!