Азат Ержан - Атыраудың тумасы. Атыраудағы мұнай-газ кәсіпорнында программист болып жүргенде оған шетелік компаниядан шақырту түседі. Шақыртуды бірден қабылдаған ол қазір Катар мемлекетінің астанасы Доха қаласында жұмыс істеп жатыр. Massaget.kz тілшісі Азат Ержанмен хабарласып, араб елдеріндегі өмір сүру салты, жергілікті халықтың ерекшелігі туралы әңгімелесті.
"Жалақысы жоғары жұмысқа ұсыныс келді"
Азат - IT маманы. Осы сала бойынша бакалавриат, магистратураны да бітірген. Екі қызы мен бір ұлы бар.
"Катарға 2022 жылы наурызда көшіп келдім. Шақырту келгенде бұл мүмкіндікті қолданып көргім келді. Көп ойланбадым. Себебі жалақысы жоғары болды. Әрі Катар барлық жағынан дамыған ел. Сол үшін көп ойланбадым. Мұнда 12-13 жылдан бері ағам тұрады. Бұл ел туралы содан естіп, біліп жүретінмін. Сондықтан еш ойланбай, бірден шешім қабылдадым", - деді ол.
Оның айтуынша, Катарда еш қиындық туындамаған.
"Компания мені ғаламтордан тауып, ұсыныс жасады. Компания ұсыныс жібергенде Атырауда "Теңізшевройл" компаниясында жұмыс істеп жүр едім. Бірден жұмыстан кету туралы өтінішімді жаздым. Жұмысты өтеу мерзімі бойынша бір ай жүрдім. Содан кейін Катарға көшіп келдім. Жатын орын, тұратын жер бәрін ағаммен ақылдастым. Бұрыннан ағылшын тілін білетін едім. Себебі өзім оқыған Білім-Инновация лицейінде ағылшын тілін тереңдетіп үйрететін. Ал білім алған Сүлеймен Демирел атындағы университетте бағылшын тілінде сабақ өткізіп, тіл білмейтіндер үшін арнайы дайындық курсы болатын. Кейін шетелден "Болашақ" стипендиясын ұтып, Англияға оқуға кеттім. Сол жақта да ағылшын тілінің деңгейін жақсарттым. Соның арқасында Катарда ешқандай қиындық болмады", - деді ол.
"Әйелге жаман сөз айтсаң - елден шығарады"
Катарда шетелдіктер үшін барлық жағдай жасалған.
"Әлеуметтік сақтандыру да керемет деп айтар едім. Кейбір ірі компаниялар балалардың жекеменшік мектебінің ақысын да төлейді. Біздің компания жылына бір рет елге барып-қайту билетті төлейді. Тісімізді тегін емдете аламыз. Себебі мұнда стамотология өте қымбат. Медициналық жақтан қанша ауырсаң да тегін емделуге болады. Дәріңе дейін алып береді", - деді ол.
Мұнда Қазақстанмен салыстырғанда бәрі қымбат.
"Балалардың мектебі Қазақстандағы тек қана ағылшын тілінде оқытатын жекеменшік мектептермен салыстырғанда арзан. Арнайы ережелер жоқ. Дегенмен, мұсылман елі болғандықтан салт-дәстүрді құрметтеп, жинақы жүру керек. Сондай-ақ, Катар халқының әйелдеріне мұқият болған жөн. Оларға жаман сөз айтсаң, елден шығарып жіберуі мүмкін. Себебі мұнда әйелдері қатты құрметтейді. Кезекке тұрғанда да әйелдер бөлек тұрады. Отыратын жерлері бар, жағдай жасалған. Сондай-ақ, бұл жақта қызмет көрсету сапасы өте жоғары. Тіпті, америкалықтар Катардың қызмет көрсетуіне таңғалады. Олар өте жұмсақ, сыпайы сөйлеседі", - деді ол.
"Бәрі бірдей киінеді"
Оның айтуынша, Катарда жергілікті халықтан шетелдіктер саны көп.
"Катардағы бірінші ерекшелік - адамдар асығып жүрмейді, барлығы жайбарақат. 3 млн халық болса, соның 300 мыңы ғана жергілікті халық. Көбі шетелден келген мамандар. Екінші ерекшелік - барлығы бірдей киім киеді. Әйелдер қара, ерлер ақ түсті киінеді. Үшіншіден, өте қауіпсіз ел. Телефон, ноутбугыңды тастап кете беруге болады. Оған ешкім тиіспейді. Сауда орындары, көпшілік жүретін жерде еркін тастап кете бересің. Себебі бұл жерде тәртіп қатал. Ұрлықпен ұсталсаң, бірден елден шығарып жібереді", - деді ол.
Азат отбасымен үйде тек қазақша сөйлейтінін айтты.
"Балалар Катарға бірден үйреніп кетті. Карантин басталған кезде Атыраудағы компания ұжымға онлайн жұмыс істеуге рұқсат берді. Біз отбасымызбен Алматыға, Түркия еліне, одан соң Кипрға көшіп кеттік. Жақында Америкаға барып қайттық. Содан болапғ балалар шетелге үйренген. Олар 6 айда ағылшынша түсініп, сөйлеп бастады. Өте жылдан уақытта үйреніп алды. Қазір өзара таза ағылшынша сөйлейді. Ал үйде тек қазақша сөйлейміз",- деді ол.
Азат жұмыс істейтін компания балалардың мектеп ақысын да төлеп береді.
"Балам баратын жекеменшік мектептер оқушыларға жұмсақ қарайды, ұрыспайды. Білім сапасы өте жақсы. Мектептің бассейні, теннис, футбол ойнайтын алаңы, кампусы бар. Сыныптары кең, өз сөрелері бар", - деді ол.
"Бір айлық шығын - 3 млн теңге"
Катарда сиыр етінен гөрі қой етін жиі қолданады.
"Тамақ жағынан таңдау өте көп. Әлемдік брендтер, ресторандар бар. Мұнда көбіне қой етін қолданады. Сиыр еті бар, көп қолданбайды", - деді ол.
Оның айтуынша, бір айлық шығын шамамен 3 млн теңге болады.
"Біз көшіп келгенде компания жүріс-тұрысқа ақша берді. Қанша ақша екені қазір есімде жоқ. Алғашында 1-2 млн теңгемен келген сияқтымын. Бір айлық шығын әртүрлі болады. Мәселен, үлкен отбасы болса, 3 млн теңге кетеді. Оның ішіне тамақ, пәтердің жалдау ақысы (қала орталығында 3 бөлмелі пәтер - 1,5 млн теңге) барлығы кіреді. Жалпы пәтер құны өте қымбат. Бізде тамаққа 800-900 мың теңге кетеді. Әр адамның қолданысына, алуына қарай шығын да түрліше болады", - деді ол.
"Балалар үшін алаңдамайсың"
Азат Катарда қазақстандықтардың көбейіп келе жатқанын айтты.
"Катарда қазақстандықтар өте көп. Күннен күнге көбейіп бара жатыр. Сондай-ақ, филиппіндіктер, үндістер, африкалықтар көп. Қызмет көрсететіндер де көбіне осылар", - деді ол.
Қауіпсіздігі жағынан Катар өмір сүруге ыңғайлы мемлекет.
"Катар өзіме қатты ұнайды. Өмір сүруге ыңғайлы. Тыныш, адам аз. Көлік кептелісі жоқ, инфраструктура керемет. Қауіпсіз ел, балалар үшін алаңдап, қорықпайсың. Түнгі 2-3 те шығып, жүре беруге болады. Қылмыстық оқиғаға тап боламын деген қорқыныш жоқ", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз