“Әйелдерінің бірін шәкіртіне бергенін“ айтқан ер адамға айыппұл салынды

Алматыда өзін діни ағым өкілі ретінде таныстырған ер адамның сұхбатына қатысты тексеріс жүргізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Бірнеше күннен бері қоғамда Құрбанәлі Ахмет Ишан есімді азаматтың журналист Жанар Байсемізге берген сұхбаты қызу талқыланып жатыр. Сұхбат барысында ол "екінші әйелін жас шәкіртіне бергенін" айтқан еді.

Полиция не дейді?

Алматы Полиция департаменті мәліметінше, тексеріс нәтижесінде сұхбат барысында Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына қайшы келетін (соның ішінде әйелдерінің бірін шәкіртіне беру туралы) пікір айтылғаны, қоғамдық сана мен конфессияаралық келісімге кері әсер етуі мүмкін мәселелер қозғалғаны анықталған.

"Алматы қаласы Дін істері басқармасы өз құзыреті шеңберінде осы азаматқа қатысты шара қабылдап, ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар, оның ресми түрде діни қызметкерлер қатарына жатпайтыны белгілі болды", - деп жазылған полицияның хабарламасында.

Полиция бұл видеоның таралуына қатысты да құқықтық баға берген.

"Айтылған пікірдің мазмұны үшін оның иесі жауапты болғанымен, құқықбұзушылық белгілері бар материалдарды тарату заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Осыған байланысты материалдың авторы да (журналист - еск. ред.) ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз