Танымал айтыскер Сара Тоқтамысова әлеуметтік желідегі парақшасында зорлық-зомбылыққа қатысты пікір білдіріп, жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айтыскердің айтуынша, өзі зорлық-зомбылық, ұрып-соғуға қарсы болғанымен, әйелдердің де тілі "ұзын". Ол тіпті "қой" дегенді түсінбейтін әйелдердің бар екенін атап өтті.
"Қазір бізге біреудің өмірі өте қызық. 24 сағаттың 18 сағатында "әйелі былай депті", "күйеуі не жауап берді екен" деп бөтен отбасының парақшасын аңдумен отырамыз. Жұбайлық өмірдің түрлі сәттері болады ғой. Соның бәрін инстаграммға сала беруге қарсымын өз басым. Қазір әлеуметтік желіде отбасылық өмірді талқылау желдей есіп кетті.
Мен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу дегенге түбегейлі қарсымын. "Қарсы емеспін" дейтін әйел жоқ шығар)). Қисық қабырғаңнан жаратылған жанды өз әлеміңе сай етіп түзеп алам деу ең ақымақ еркектің қағидасы. Оны ұрып-соғып тәрбиелей алмайсың. Егер әйелің көзіңе жын боп көрінсе, басқа жолын тап. Одан да босата сал. Ұрып-соғып, әке-шешесінен боқтап жөнге салу деген бос әурешілік. Әйелге қолын тигізіп, әке-шешесінен боқтаған күні еркек өзінің "еркек" деген құнын түсіріп алады. Осыны ойлаңдар, азаматтар.Мұның екінші жағы бар. Қазақстанда заң шықты екен деп пәлен жыл отасқан күйеулерін халық жауы құсатып ұстап беріп жатқан әйелдер де шығып жатыр. Біздің, әйелдердің, тіліміз өте ұзын. "Қой" дегенде қоя салмай, кей жігіттің тілін шығарамыз.
Сондықтан болған жайтты жұртқа жайып, жөнсіз-жобасыз күйеуіне қара күйені жағып, өзі сүттен ақ, судан таза болатын әйелдерді Құдай кешірсін. Ешқашан тек бір жақ кінәлі болмайды, соны сарапқа салып ойлану керек деп ойлаймын.
Біреудің өміріне араласып, пікір жазып уақытыңды бос кетірмей, өзіңме айналыс, өзіңе арна уақытты", - деп жазды ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Өріктің қандай пайдасы бар?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!