Әйелдердің денсаулығына пайдалы 7 өнім

Әйелдердің денсаулығына пайдалы 7 өнім
Фото: pixabay.com

Бәріміз пайдалы және зиян тамақтар болатынын білеміз. Алайда соның ішінде әсіресе әйелдерге қандай өнімдер пайдалы? Олар гормондар деңгейіне, тері, шаш, буындар мен бұлшықеттер жағдайына қалай әсер етеді? Massaget.kz әйелдердің денсаулығына пайдалы өнімдерді ұсынады.

1. Жидектер

Көкжидек, құлпынай, таңқурай, қаражидек деменцияның даму қаупін төмендететін өсімдік қосылыстары - флаваноидтарға бай. Сондай-ақ олардың құрамында барлық ағзадағы және әсіресе мидағы қабынуды азайтатын антиоксиданттар - антоциандар бар.

2. Қараөрік

Қараөрік антиоксиданттарға бай. Ол - ішектің жүйелі түрде босауына ықпал ететін еритін талшықтың керемет көзі және оның құрамында табиғи іш жүргізетін әсері бар қант спирті - сорбит бар. Қараөрік тамақтан кейін қандағы қант пен инсулин деңгейінің бірден қатты жоғарылауына әкелмейді, сондықтан оны тағамды табиғи тәттілендіретін өнім ретінде қолдануға болады. Сондай-ақ ол сүйектің минералды тығыздығының сақталуына ықпал етеді.

3. Грек жаңғағы

Бұл пайдалы майлардың, әсіресе миға пайдалы омега-3 майлы қышқылдарының керемет көзі. Жаңғақтарда сондай-ақ ішектегі пайдалы бактериялардың көбеюіне көмектесетін жасұнық бар. Десе де, оны күніне бір уыстан артық жемеген жөн.

4. Бұршақтылар

Суға қайнаған жарты кесе жасымықта 7 грамм тағамдық талшық, 9 грамм өсімдік ақуызы бар. Сондай-ақ бұршақтылар В тобы дәрумендері, темір, магний, калий және мырышқа бай.

5. Майлы балық

Албырт, скумбрия, сардиналар және тунец секілді балықтар әйел денсаулығына өте пайдалы. Әйелдерде жасы ұлғая келе эстроген деңгейі төмендейді. Ал ол жүрек-қан тамырлар ауруларының даму қаупін арттырады. Құрамында омега-3 майлы қышқылдары көп балық қабынумен күреседі және жүрек ауруларының алдын алуға, когнитивті қабілеттердің төмендеуін баяулатуға көмектеседі. 

6. Грек йогурты

Ол - сүйектер саулығы үшін қажетті ақуыз, кальций, магний және фосфордың көзі. Грек йогурты - пробиотик. Тіскебасар ретінде йогурт жеңіз немесе оны салатқа тұздық ретінде пайдаланыңыз.

7. Авокадо

Авокадо майда еритін дәрумендердің ағзаға сіңуіне және қандағы қант деңгейін реттеуге көмектеседі. Сондай-ақ ол қабынуды басады, тері, шаш және тырнақты көректендіреді. 

Оқи отырыңыз: Әйелдер гинекологқа барарда жіберетін 5 қателік

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова