“Әйелдердің басын әдейі қолдан өсірген“. Археолог Жетіасар мәдениетінің ашылмаған құпиясын айтты

“Әйелдердің басын әдейі қолдан өсірген“. Археолог Жетіасар мәдениетінің ашылмаған құпиясын айтты
Фото: Massaget.kz

Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан ерекше археологиялық кешен – Жетіасар мәдениетінің өкілдері небәрі 27-30 жасқа дейін өмір сүрген. Оны "Жетіасар ақсүйек әйелі" сұлбасын қайта жаңғырту кезінде археологтар анықтады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Реконструкция Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы қазба жұмысы кезінде тапқан б.з. ІІ-ІV ғасырларға тән әшекейлі әйел адамның қаңқасы негізінде жасалған. 

"Бас киімінен бастап аяқкиіміне дейін, әшекей бұйымдары да – қазба барысында табылған жәдігерлер. Қасында қола немесе күміс айна, шағын сөмкесі болған. Сөмкенің ішінде қысқыш (пинцет), тіс шұқығыш, тарақ сияқты гигиеналық бұйымдар бар. Бор көптеп табылды. Оны бояну үшін пайдаланған сияқты. Киім қапсырмалары, белбеуі және пышағы Жетіасар кезіндегі киіну мен сәнденудің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді", – деді тарих ғылымдарының кандидаты, "Жетіасар ақсүйек әйелі" реконструкциясының авторы Әзілхан Тәжекеев. 

Реконструкция кезінде негізге алынған әйел қаңқасы 27-30 жас шамасындағы адамға тиесілі. Зерттеу барысында Жетіасар мәдениеті тұсында адамдардың өмір сүру ұзақтығы 37-40 шамасында болғаны анықталған. 

"Бұл сол кез үшін табиғи жас болып есептелуі мүмкін. Генетикалық зерттеу барысында олардың қандай ауру түрлерімен ауырғаны, өмірінің соңғы кезінде қалай тамақтанғаны, қай жақтан көшіп келгені, кімдермен туыс екені қамтылды. Байқағанымыз, ІІ-ІV ғасырда ғұндар көшіп келіп, солармен байланысқа түскен. Жетіасарлықтардың туыстары батыс Моңғолия, қазіргі Сібір халқы болуы ықтимал", – деді Әзілхан Тәжекеев.

Археолог Жетіасар мәдениетінің әлі зерттелмеген құпиясы барын айтты.

"Әйелдердің басын қолдан әдейі өзгерткен. Кішкентай кезінен басын матамен орау арқылы жоғары қарай өсірген. Қазба жұмысы кезінде табылған әйел сүйектерінің 90 пайызынан осындай өзгерісті аңғаруға болады. Бұл адамның қоғамдағы мәртебесін немесе шыққан тегін көрсетуі ғажап емес", – деді ол. 

Назерке САНИЯЗОВА

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек