Желіде көше сыпырушысының түр келбеті адам танымастай өзгерген видео пайда болды. Видеода қала тазалығын сақтап, көше сыпырып жүрген әйелге бейтаныс адам оны әсемдік салонға апарып, сырт келбетін тегін түрде түгел өзгертуге ұсыныс жасайды. Massaget.kz тілшісі әйелдерге мұндай мүмкіндік сыйлап жүрген кәсіпкермен сұхбаттасты.
"Арманымыз бір"
Видеодағы кәсіпкер - Жәмилә Серікқызы. Ол - Jemelle_beauty әсемдік салонының басшысы. Бұдан он жыл бұрын Ақтөбедегі сұлулық салонының біріне жұмысқа кірген. Арада 5 жыл өткеннен кейін өз ісін бастауға бел буған. Кейіпкердің айтуынша, алғашында ұжымында 3 адам болса, қазір азды-көпті 23 адам.
"Адамға көмектесу қандай сезім сыйлайтынын сөзбен айтып жеткізе алмаймын"
Жәмилә Серікқызы мұқтаж жандарға көмектесу, әйелдерді бір күн болсын бақытты қылу идеясы кішкентайынан ойында жүргенін айтты.
"Адамға көмектесу қандай сезім сыйлайтынын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Кішкентайымнан теледидардан жағдайы жоқ адамдарға көмектесіп жатқандарды көргенде, мен де есейгенде адамдарға қол ұшын беремін деп армандайтынмын. Ата-анамыз бала кезімізден бізді солай тәрбиелеген. Автобусқа мінгенде алдыңда үлкен адам тұрса, орын беріңдер деп үйреткен. Мұның бәрі - ата-анамның тәрбиесі, әрине. Бала кішкентайынан көргенін, естігенін жасайды ғой. Мен әкемнен өнеге алып өстім. Ол қолындағы бір үзім нанын бөліп беретін, өзі жемесе де, жұртқа көмектесетін", - дейді кәсіпкер.
"Әйелдің бәрі әдемі, олар бақытты болуға лайық"
Әсемдік салонының басшысы бұл салаға бала кезінен армандап келгенін айтты. Оның айтуынша, ол кішкентайынан анасымен салонға барып, сонда әдемі, күтінген қыздарды көріп, шабыттанған.
"Негізгі мамандығым басқа, бірақ осы салада дамуды таңдадым. Адамның келбетін өзгерту - менің қолымнан келетін іс. Әйелдің бәрі әдемі, олар бақытты болуға лайық. Бірақ жағдайы төмен, салонға мүлде кіріп көрмегендер де бар. Ал мен әйелдердің өмірін түбегейлі өзгерте алмаймын ғой. Сондықтан маған олардың бір күнін өзгертіп, бақытты қылу идеясы келді. Әрине, мастерлер де күнделікті нанын табу керек. Сондықтан мен жұмысшыларыма барлық процедура үшін өз қалтамнан төлеймін. Сырт келбетін тек макияж жасап өзгертпейміз, маникюр, педикюр, массажын да жасаймыз. Сосын шай, кофе ұсынамыз", - дейді Жәмилә Серікқызы.
Кәсіпкердің айтуынша, көше сыпырушысына шамамен 300 мың теңге кеткен.
"Тегін нәрсені бәрі жақсы көреді ғой"
Кәсіпкер бұл идеясын жүзеге асырмас бұрын Instagram-парақшасы арқылы жазба жариялаған. Кейін әлеуметтік желі арқылы көмекке зәру адамды табу жарамсыз екенін түсініп, базар аралап іздеген.
"Тегін нәрсені бәрі жақсы көреді ғой. Алғашында Instagram-парақшамда осындай идеямның бар екенін айтып жарияладым. Көп адам жаза бастады. Олардың парақшаларына кіріп қарасам, жағдайлары жақсы сияқты көрінеді. Бірде Instagram арқылы бір әйел жағдайым жоқ деп жазды. Біз қолдан келгенді жасап, әйелді сұлу еттік. Бірақ ол жақында тісін емдеткені көрініп тұр, жаңа тіс салып алған. Ал ондай ем кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан былай болмас деп, көше аралап жүріп, жағдайы төмен адамға өзіміз ұсыныс жасаймыз деп шештік. Сөйтіп көше сыпырушы апайға өзіміз жолығып, ойымдағыны айттым. Ол қуана келісті", - дейді Жәмилә Серікқызы.
"Әйелдің бір күнін есте қаларлықтай өткізуге тырысамын"
Жәмилә Серікқызы әйелдерге тек макияж бен маникюр емес, сондай-ақ, киім алып, кешкі асқа да апарады. Оған қоса, оқырмандарымен ақша жинап, кейіпкеріне ұсынады. Ол көмектесетін әйелге толық бір күнін арнайды.
"Кейін неге мен спонсор іздемеймін деп ойландым. Тек бір күндік әдемілікті емес, әйелге шабыт сыйлауға тырысамын. Әдетте әйелдер кешкі аста сырын айтып, маған ақтарылады. Негізі көпбалалы аналарға, ажырасып кеткен, өмірден түңілген, қиналып жүрген әйелдерге көмектесуге тырсамын. Оларға мотивация бергім келеді. Ақтөбедегі бірнеше спонсормен сөйлестім. Бір бутик киім беретін болды, ал гүл сататын орталық гүлмен қаматамасыз ететін болды. Осылай әйелдің бір күнін есте қаларлықтай өткізуге тырысамын", - деді салон басшысы.
"Жақсылықты пиар үшін емес, жүрегімнен шыққан соң жасаймын"
Кейіпкердің айтуынша, әйелдің сырт келбетін өзгерткенннен кейін тіпті күйеулері танымай қалып жатады.
"Бір қызық жағдай болды. Есімде бір әйелдің сырт келбетін тегін өзгерткенбіз. Ол күйеуі келген соң, күйеуіммен таныстырайын деп болмады. Сыртқа шықтық. Күйеуі әйелін танымай ұзақ тұрды. Мынау менің әйелім деп қайта-қайта сұрайды", - деп күліп еске алды ол.
Кәсіпкердің ендігі арманы - отбасы саулығы.
"Күйеуіммен 10 жыл бұрын ажырасып кеттік. Қазір бір қызымды тәрбиелеп отырымын. Құдайдан әрқашан жақсы жолдас жолықса екен деп тілейтінмін. Бірақ туған әпкем бір дертке шалдықты. Оның емін әлі таппай жүрміз. Енді осы сауаптың бәрін әпкеме жазыңызшы деп Құдайдан жалынып тілеймін. Бауыр болғасын жүрегіме осы жағдай қатты тиеді", - деді Жәмилә Серікқызы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!